Жаңаөзендегі жарылыстан қаза тапқандар саны 4 адамға жетті, деп хабарлайды Qazaq.today ақпараттық агенттігі ҚР ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Сағат 11:45-те құтқарушылар үйінді астынан тағы бір әйелдің денесін алып шықты.
Осылайша, қазіргі кездегі жағдай бойынша үйінділердің астынан құтқарушылар 4 адамды аман алып шықса, 4 адамның денесі табылды. 6 адам ауруханаға жатқызылды», — делінген хабарламада.
Үйінділерді тазалау жұмыстары жалғасып жатыр. Бүгін таңертең Жаңаөзенде көппәтерлі үйде газ жарылып, соның салдарынан бір адам қаза тапқан болатын. Сондай-ақ 13 адамның зардап шеккені айтылды. Аталған дерекке қатысты жедел штаб құрылып, қылмыстық іс ашылды.