Астана қаласы Байқоңыр ауданық №2 сотының судьясы Бағлан Ыдырысов экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлын үйқамаққа жіберген жоқ, деп хабарлайды Azattyq Ruhy-қа сілтеме жасаған Qazaq.today ақпараттық агенттігі.
Айта кетейік, бүгін, 2023 жылдың 17 сәуірінде бюджет қаражатын жымқырды деген күдікпен қамауда отырған экс-министр, Ұлттық музейдің бұрынғы директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы және тағы үш адамның соты басталған болатын. Астанада қалың қар жауып, қала ішіндегі көлік қозғалысы қиындаған соң, Арыстанбек Мұхамедиұлы сотқа №64 қамау мекемесінен онлайн қатысты. Оның және өзге де күдіктілердің адвокаттары байланыс нашар екенін алға тартып, сотты оффлайн форматқа ауыстыруды өтінген.
Сонымен қатар, Мұхамедиұлының адвокаты Мұстақым Төлеев Арыстанбек Мұхамедиұлының зейнет жасына жақындағанын, оның денсаулығы нашарлағанын алға тартып, оны үйқамаққа жіберу туралы арыз түсірген. Судья Ыдырысов осы және өзге де талап арыздарды қарау үшін алдымен жарты сағатқа, кейін байланысты нашарлығын алға тартып, сот отырысын үш сағатқа кейінге шегерген. Осы аралықта күдіктілер сот ғимаратына жеткізілген.
«Күдікті Арыстанбек Мұхамедиұлының денсаулығы оны үйқамаққа жіберуге негіз болмайды. Өйткені, Ішкі істер министрлігінің бұйрығына сәйкес, күдіктілер изоляторда да барлық медициналық көмек ала алады. Сондықтан, судья Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты қамау шарасын өзгертуге негіз таппады», -деді шешімін жария еткен судья Бағлан Ыдырысов.
Сот отырысында Арыстанбек Мұхамедиұлымен қатар ісі қаралып жатқан тағы үш адам — А. Ш. Нұразхан, А. Қ. Көшенов және А. Т. Сәдуақасованың адвокаттары осы іске қатысты Қазақстанның халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұловты шақыру туралы талап арыз түсірді. Өйткені, Мұхамедиұлының адвокаты Мұстақым Төлеев «Мұхамедиұлының ісінде саяси астар жоқ, Тұңғышбай Жаманқұлов одан кек алу үшін арыз түсірді» дегенді алға тартқан еді. Бірақ судья Бағлан Ыдырысов іске қатысты Тұңғышбай Жаманқұловты сотқа шақырып, тергеуге негіз жоқ екенін мәлімдеді. Яғни, адвокаттардың Жаманқұловты сотқа шақыру туралы талап арыздары қанағаттандырылған жоқ.
Жалпы, Мұхамедиұымен қатар, бюджет қаражатын ұрлады деген айыппен А. Ш. Нұразхан, А. Қ. Көшенов және А. Т. Сәдуақасовтар сотта жауап беруде.