«Ана тілі» газетіне берген сұхбатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің бірыңғай уақыт белдеуі туралы қоғамда туындап жатқан пікірталасқа қатысты ойымен бөлісті. Президенттің айтуынша, Парламент пен Үкімет бұл мәселені кеңінен талқылап, түрлі ұсыныстарды жан-жақты зерттеуде.
Барселона декларациясы және Үкімет ұстанымы
Президенттің сөзінше, Үкімет Қазақстан бір уақыт белдеуінде болуы тиіс деп есептейді. Бұл шешім, сондай-ақ, Барселона декларациясының уақытты дұрыс пайдалануға қатысты ұсынымдарымен үндес. Аталған құжатта мемлекеттерге уақытты жазғы/қысқы режимге ауыстыруға әуес болмау қажеттігі айтылған.
«Үкімет өз шешімінің орынды екеніне сенімді», – деді Тоқаев.
Қоғамдық тыңдау және зерттеу
Осы мәселеге орай Парламентте ғалымдар мен сарапшылар, түрлі аймақ өкілдері қатысқан тыңдау ұйымдастырылды. Тараптар уақыт белдеуін ауыстырудың ел экономикасына, азаматтардың тұрмысына әсері және денсаулыққа ықпалы секілді тұстарын егжей-тегжей қарастырып жатыр.
«1 наурызға дейін жан-жақты зерттеу жүргізуге уағдаласты. Кейін нақты ұсыныстар әзірленеді», – деді Мемлекет басшысы.
Ортақ шешімге келу – басты мақсат
Президенттің пікірінше, уақыт белдеуі сияқты қоғамда көзқарас қайшылығын тудыратын маңызды мәселелерді Парламент пен Үкімет сарапшылық талқылау негізінде шешуі керек.
«Парламент пен Үкімет бұл мәселені байыппен зерделеп, ортақ әрі дұрыс шешімге келетініне сенімдімін», – деді Тоқаев.