Фото: © REUTERS / Gleb Garanich
«Астана» футбол клубы УЕФА Конференция лигасы аясындағы соңғы матчын өткізіп, тағы да жеңіске жете алмады, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Елордалық «Астана» командасы УЕФА Конференция лигасы аясында Кипр астанасы Никосияда жергілікті «АПОЭЛ» командасына қарсы ойын өткізді. УЕФА Конференция лигасының жалпы кезеңінің соңғы 6-туры аясында өткен бұл ойында «Астана» командасы қарсыласымен 1:1 есебімен тең түсті. Ойынның 57-минутында «АПОЭЛ футболшысы Анастасиос Донис есепті ашса, матчтың 64-минутында «Астана» ойыншысы Кипрас Казуколовас есепті теңестірді.
Осылайша «Астана» футбол клубы УЕФА Конференция лигасының жалпы кезеңінде 5 ұпай жинақтап, турнир кестесінің 28-орнына жайғасты.
Айта кетейік, жарыстың жаңа ережесі бойынша жалпы үздік шыққан сегіз команда 1/8 финалға тікелей жолдама алады, ал 9-24-орын алған клубтар қосымша ойындар өткізеді. Жеңіске жеткен командалар 1/8 финалға шығады.