Фото: kazfootball.kz
Түркияның «Адана Демирспор» клубында ойнайтын Қазақстан ұлттық құрамасының шабуылшысы Абат Айымбетов қатарынан екінші матчта мергендік танытты, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Ол ойнайтын «Адана Демирспор» Түркия Суперлигасының 16-турында Стамбұлдың «Бешикташ» клубын қабылдады. Матч әлі жалғасып жатыр. Бірінші таймда алаң иелері екі гол соғып үлгерді. Оның біреуі Абат Айымбетовке тиесілі. Матчтың 39-минутында Юсуф Саридың пасын Қазақстан ұлттық құрамасының шабуылшысы тиімді пайдаланды.
«Адана Демирспор» биылғы маусымда бірде-бір матчта жеңіске жетпеген. Бүгін алғашқы үш ұпайын алуға мүмкіндік бар.
Ал, Абат Айымбетов осымен екінші матч қатарынан гол соғып отыр. Бұған дейін 7 желтоқсанда ол Түркия Суперлигасының 15-турында «Гёзтепе» командасының қақпасын дәл көздеген еді. Алайда, бұл ойында «Адана Демирспор» 1:3 есебімен жеңілді.
Айтпақшы, «Бешикташ» сапында Бахтиер Зайнутдинов ойнайды. Ол әзірге қосалқы құрамда отыр.