Фото: nu.edu.kz
Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов Назарбаев университетіне жүргізілген аудит жұмыстары аяқталғанын айтты, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.
«Мәселе атауда емес, оның тиімді жұмыс істеуінде деп ойлаймын. Біз аудиторлық палата ретінде осы университеттің жұмысының тиімділігіне аудит жасадық. Оны жуырда бітірдік. Бірқатар кемшіліктер мен бұзушылықтарды анықтадық. Ең негізгі кемшіліктерді айтатын болсақ, біріншіден университет әлі күнге дейін республикалық бюджеттің қаражатына тәуелділігі сақталып отыр. Бұл университеттің мәртебесіне, мемлекет тарапынан берілетін көмекке және оны салықтардан босатуға қарамастан, әлі де университет 97 пайызға республикалық бюджет тарапынан қаржыландырылып отыр», – деді ЖАП төрағасы.
Ол университеттің стратегиялық құжатында ЖОО-ның республикалық бюджеттен кетіп, жеке қаржы көздеріне көшу керектігі жазылғанын айтты.
«Бірақ та, бұл жұмыс әлі де жүргізілмей жатыр. Екінші мәселе – қолданыстағы заңнама университетті қаржылық есептемені ұсынуға міндеттемейді. Бұл университеттің жұмысының ашықтығына кері әсерін тигізеді. Мысалы, аудиттің нәтижесі бойынша 73 млрд теңгеге тиімсіз жоспарлау мен тиімсіз пайдалану фактілерін анықтадық. Сонымен бірге жарты млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтарды анықтадық», – деп атап өтті Әлихан Смайылов.