Фото: drive2.ru
Қазақстанда жүргізуші куәлігі жоқ бола тұра ішімдік ішіп, рөлге отыратын азаматтарға жаза күшейтілді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы “Информбюро” жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап.
Алматы полициясының мәліметінше, жүргізуші куәлігі жоқ немесе куәлігін алмаған азаматтар ішімдік ішіп, рөлге отырса қатаң жазаланады. Егер ол мәжбүрлі медициналық куәландырудан өтуден бас тартқан жағдайда ереже бұзған азамат құжат алу үшін жеті жылға дейін емтиханға кіргізілмейді.
Сондай-ақ енді жылдамдықты шамадан тыс асыратын жүргізушілерге 147 мың теңгеден астам айыппұл салынады. Ал бір жыл ішінде ережені қайта бұзған жүргізушілер 221 мың теңге төлейді. Ал күндіз көліктің жарығын жақпаған азаматтардың керісінше, жазасы жеңілдейді. Енді тәртіп сақшылары оларға алғашында ескерту жасаумен шектеледі. Ал оны елемегендер айыппұл арқалайды. Бұл өзгерістерді көпшілік қолдап отыр.
“Менің ойымша, күндіз фарларды жағуды ұмытып кеткендерге алдымен ескерту жасаған дұрыс. Өйткені оның аса бір жол қауіпсіздігіне кедергісі жоқ. Сондай-ақ жылдамдықты асырғандарға айыппұлды арттырған дұрыс. Соның кесірінен жол апаты да, адам өлімі де көп”, “Жолда керек. Өйткені көрінбейді Алыстан келе жатқан машина күндіз де көрінбей қалуы мүмкін. Ал қаланың ішінде жарықтың аса қажеті жоқ деп ойлаймын”, “Жарық жағу керек. Қыста күндіз бұлыңғыр, көру мүмкіндігі төмен болады. Ал кеш батқанда міндетті түрде жарық жағу керек”, – дейді тұрғындар.