FlyArystan әуекомпаниясында аса ірі көлемде қаражат жымқырылған 

Фото: FlyArystan

FlyArystan әуекомпаниясында 1 млрд теңгеден астам қаражат қолды болған. Қаржы жымқыру ішкі тексеру барысында анықталған. Компания тәуелсіз тергеу жүргізу үшін аудиторлық компанияның көмегіне жүгінді.  Әуекомпанияның ішінде болып жатқан проблема өздерінің әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланды, деп хабарлайды Qazaq.today.

Тергеу нәтижесінде заң бұзушылықтар расталып, әуекомпания кінәлі тұлғаларды анықтау және келтірілген шығынды өтеу мақсатында құқық қорғау органдарына ресми арыз берді.

«Қаржылық есептілікке сәйкес, анықталған шығын сомасы 9 айлық есепте толық көрсетілді. Алайда, тергеу мүддесіне байланысты қосымша мәліметтер жарияланбайды», — делінген хабарламада.

FlyArystan әуекомпаниясы өз қызметінде алаяқтық пен заңсыздыққа қатаң қарсылық білдіретінін және мұндай әрекеттерге төзімділік танытпайтынын мәлімдеді.