«Шағын мұнай зауыттарын тұншықтыру»: министрліктің кесірінен он мың мұнайшы жұмыссыз қалмақ

Мұнайлы өлкеде он мыңға жуық адам жұмыссыз қалмақ. Батыстағы отыздан астам шағын мұнай өңдеу зауыттары жабылудың алдында тұр. Энергетика министрінің міндетін атқарған Болат Ақшолақов, жаңа үкімет толық жасақталмай жатып, бензин мен дизель отынының бағасын қымбаттату туралы шешімді жариялап кетті. Ақшолақовтың айтуынша, көрші елдердегі жағдай Қазақстанның ішкі нарығына да әсер етіп отыр. Үкімет Қазақстанда бензин мен дизель отынын экспорттауға салынған тыйымды жылдың басында тағы 6 айға ұзарттты. Тиісті бұйрыққа Энергетика министрлігі, Қаржы министрлігі, Ішкі істер министрлігі және Ұлттық қауіпсіздік комитеті қол қойған. Мәлімдемесінен кейін қызметін бірден ауыстырған Ақшолақов, шулы шешімге келуді ішкі сұранысты қамтамасыз ету және көктемгі егістік науқанындағы дизель отынының тапшылығын болдырмау, әрі көрші Өзбекстан, Қырғызстан секілді елдерге кетіп жатқан жанар-жағармайға тосқауыл салудың жолы деп түсіндірді. Бензин мен дизельдің ішкі нарықтағы тапшылығы расымен де бар ма? Мұнай өнімдерін экспорттауға тиымды созудың соңы қандай проблемаларға әкелмек? Qazaq.today ақпараттық агенттігінің тілшісі сарапшылар мен мұнайшылардың пікірін тыңдап көрді.

Берікжан Дарбеков «Ақтөбенефтпереработка» ЖШС басшысы. Оның қол астында жүз елуге жуық мұнайшы жұмыс істейді. Айтуынша, министрліктің бұйырғы зауыттың жұмысына таза кедергі келтіріп отыр. Бұрын бір айда 15 мың тонна мұнай өнімдерін шығарса, экспортқа шектеу қойылғалы зауыт қазір 9,5 мың тонна мұнай өнімдерін шығарып отыр. Ол алдағы айда зауыттың өнімі 6 мың тоннаға дейін азайтуға мәжбүр екендіктерін айтады. Өйткені, өнімді шығарғанмен, оны өткізетін жер жоқ. Бұл жұмыс орындарының қысқарып, батыстағы шағын мұнай өңдеу зауыттарының банкротқа ұшырауына әкеледі.

Спикердің сөзінше, Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде нафтаға сұраныс іс жүзінде жоқ. Елімізде бұл мұнай өніміне сұраныс жоқ болғандықтан, оны экспорттауға тыйым салу зауыттардағы мұнай өңдеу үдерісін міндетті түрде тоқтатады.

 

«Нафтаны Қазақстаннан Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тысқары жерлерге әкетуге тыйым салу зауыттың бүкіл қызметіне кері әсерін тигізді. Бұл зауыттың толық тоқтап қалуына әкелуі мүмкін. Зауыттың тоқтап қалуы нәтижесінде өнімді шығарудың өндірістік цикліне, оны логистикамен қамтамасыз етуге және оны одан әрі өткізуге қатысатын мердігерлер мен сервистік ұйымдардың жұмысына да (жеткізушілер, инспекциялық компаниялар, көлік компаниялары, оның ішінде жүк тасымалдау, тиеу терминалдары және т.б.) кері әсерін тигізеді. Біз жылына бірнеше миллиард теңге салық төлейміз. Ал зауыт жұмысының тоқырауға ұшырауы бюджетке түсімді де кемітеді. Мұнай сорып жатқан зауыт уақытша тоқтаса, ұңғыма бітеліп қалады. Кейін оны жұмыс істету қайтадан кен орнын ашумен бірдей қаражатты талап етеді»,- деді «Ақтөбенефтпереработка» ЖШС басшысы Берікжан Дарбеков.

ҚР Энергетика министрлігінің 24 наурыздағы бұйрығы 8 сәуірде күшіне енді. Соған сәйкес одаққа кіретін елдерден тысқары мемлекеттерге мұнай өнімдерін әкетуге тыйым салынды. Министрлік бұл әрекетін егістік жұмыстары қарсаңында ел ішінде дизель отынының тапшылығын жою мақсатында деп түсіндірді. Алайда, іс жүзінде бұл республикадағы шағын мұнай өңдеу зауыттарының күйреуіне және әлеуметтік шиеленістің пайда болуына әкеле жатыр. Батыс өлкеде отыздан астам ШМӨЗ жұмыс істейді. Ол жерлерде оны мыңға жуық мұнайшы бар. «Ішкі тапшылықты жою» деген түсіндірме бос сылтау, сыртқы күштер мен алпауыт зауыттардың мүддесі тұр деп санайды зауыттың басшылары. Қабылданған шешімнің кесірінен шағын зауыттар банкротқа ұшыратып, халық жұмыссыз қалмақ.

«Бүгінгі таңда біздің еліміз өзімізде өндірілетін отынның бәрін толық тұтынуға қабілетті емес. Дизель отынын ғана емес, сонымен қатар пеш, кеме отыны, нафта, нефраз, еріткіш бензин және басқалары сияқты бірқатар басқа мұнай өнімдерін әкетуге толық тыйым салу көптеген шағын зауыттардың жабылуына және басқа кәсіпорындарда өндірістің қысқаруына әкеледі. Өз жұмысын қысқартқаннан немесе тоқтатқаннан кейін ШМӨЗ жақын арада жұмысшылар штатын қысқартуға мәжбүр. Нәтижесінде бұл ондаған мың жұмыс орындарының жоғалуына және әлеуметтік наразылықтың өсуіне әкеледі. Бұл бұйрық қосымша мәселелердің туындауына түрткі болады: жаңа кен орындарын игеруді тоқтату және мемлекеттік қазынаға салық төлемдерін тоқтату. Өйткені, шағын МӨЗ ғана емес, жаңа мұнай-газ кен орындарын барлау және сынамалық пайдалану сатысындағы жер қойнауын пайдаланушылар да зардап шегеді. Өйткені, олар осы кезеңде өндірілген мұнайды шағын МӨЗ-ге бағыттайды. Осы бұйрықтың пайда болуының арқасында жаңа кен орындарын ашу процесі 2024 жылдың 31 желтоқсанына дейін тоқтатылады», — деді спикер.

Отандық мұнай өңдеу зауыттарының өкілдері жақында шыққан Энергетика министрлігінің  бұйрығына қарсы наразылықтарын білдіріп, мәлімдеме де жасапты. Министрліктің «Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан тысқары жерлерге әкетуге тыйым салынған немесе шектелген мұнай өнімдерінің тізбесін бекіту туралы» № 118 бұйрығынан соң батыстағы кәсікорындар мен халық әбігерге түсіп жатыр.

«Mangystau Oil Refining» МӨЗ өкілдері де проблеманың ауқымды екенін айтып отыр. Зауытқа жауапты адамның бірі Әбдіманап Исабаев, Үкіметтің бұл әрекетінен зауыт басшылары мемлекет пен жұмысшылар алдындағы түрлі төлемдерді төлей алмай қалуларына әкеп соқтыратынын айтады. Оның сөзінше, мұның арты әлеуметтік шиеленіске ұласып кетуі де мүмкін.

«Бұл жағдай біздің контрагенттеріміз алдындағы шарттық міндеттемелерді орындамау, энергиямен жабдықтаушылар мен мемлекетке (салықтарды және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеу) жалақы мен басқа да төлемдерді төлеу бойынша берешектердің қалыптасуына әкелетіні сөзсіз. Сондай-ақ, зауыттағы өндірістің тоқтауы зауыттың өзімен қатар мердігерлік сервистік ұйымдарда да жұмыс орындарының қысқаруына әкеледі. Мұндай жағдайлар халық наразылығының туындауы мүмкін. Салдары Маңғыстау облысында жұмыссыздықтың артуына, жалпы әлеуметтік шиеленістің туындауына әкеп соқтырады. Біз жылына 300 мың тоннаға дейін мұнай өңдейміз. Зауытта 250-ге уық жұмысшы бар. Оның сыртында қызмет көрсету мен тасымалдаумен айналысатын компаиялардағы адам саны да жүздеп саналады. Енді осы адамдардың біріне жұмыстан қысқарып қалу қауіпі төніп тұр», — деді Әбдіманап Исабаев.

 

«Қазақстан заң-кеңес» заң консультанттары палаталары қауымдастығының төрағасы Фарид Алиев, министрлік аталған бұйрықты шығарарда біздің жағдайымызбен санаспады деп отыр. Тіптен батыстағы кейбір ШМӨЗ жанар-жағармайдың жергілікті сұранысын 40 пайызына дейін қамтамасыз етіп келген.

«Зауыттың қазіргі уақытта өндірістік қуатын кеңейтуге, сондай-ақ компанияның айналым қаражатын арттыру смақсатында алынған 12 миллиард теңгеден астам несиелік берешегі бар. былтыр бюджетке 1,2 миллиард теңге салық төледік. Әрбір жұмысшы кемінде 300 мың теңге айлық алады. Мыңдаған отбасы табысынан айырылады. Біз мұнайшылар бұл бұйрықпен келіспейтінімізді білдіреміз. Қазақстан Республикасының аумағынан мұнай өнімдерін Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тысқары жерлерге әкетуге тыйым салу туралы бұйрықтың күшін жоюды сұраймыз. Экспорттауға одақтан басқа елдерге тиым салынған. Ал ресейде тиым салынбаған. Яғни, олар өзге мемлекетк емұнай өнімдерін шектеусіз сата береді. Отандық өндірушілер сата алмаймыз. Сонда министрлік кімннің мүддесіне жұмыс істеп отыр? Бұл ШМӨЗ тұншықтыру. Ал елдегі үш ірі мұнай өңдеу зауытындағы жағдайдың қалай екенін білмейміз, олар бізбен ақылдаспайды. »,- деді спикерлер.

Тиісінше, республика бюджетіне салықтардың едәуір саны түсуді тоқтатады. ШМӨЗ тоқтап қалуынан бөлек, елдің мұнай-газ саласының тұтас секторының іс жүзінде жойылуына әкеп соғады. Бұның соңы онсызда талаптарын жиі қойып, үнемі митинг өткізіп жататын батыстағы бұқараның тағыда бас біріктіруіне әкелмек.