Бішкектегі берекесіздік: «Яндекс.Такси» жүргізушілері митингке шықты

Фото: www

Бішкекте «Яндекс.Такси» жүргізушілері митингке шықты. Компанияның кеңсесі алдына ондаған адам жиналып, билікке де талап қойды, деп хабарлайды Qazaq.today агенттігі Vesti.kg сайтына сілтеме жасап.

Такси жүргізушілері компанияға тапсырыстардан 21 пайыз комиссия төлеуге мәжбүр екеніне наразы. Олар көршілес Қазақстанда, комиссияның үш есе аз екенін атап өтті. Жүргізушілер әр тапсырыстан алынатын комиссияны 7 пайызға дейін төмендетуді талап етуде. Сонымен қатар олар ел билігіне де өтініш жолдады.

Еске сала кетейік, жақында Қырғызстанның Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті «Яндекс.Такси Корп» компаниясының кеңселерінде тінту жүргізді. Арнайы қызмет компанияны аса ірі көлемде салық төлеуден жалтарған деген күдікпен тексеруде.

«Атап айтқанда, «Яндекс.Такси Корп» ЖШҚ және оның серіктестері Экономика және коммерция министрлігі жанындағы Монополияға қарсы реттеу қызметі тарапынан бірнеше рет қабылданған шараларға қарамастан, такси жүргізушілеріне комиссия мөлшерлемесін негізсіз көтеріп жіберген. Бұл такси қызметінің құнының жасанды түрде өсуіне әкеліп соғуда», – деп хабарлады ведомство.