Фото: kursiv.media
Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК) бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев жазасын қай жерде өтеп жатқанын айтты, — деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Түзеу инспекциясының өкілдері адвокат Жанна Оразбақованың Қуандық Бишімбаевтың жазасын өтеп жатқан жеріне қатысты сауалына жауап берді. Заңгер департаменттің жауабын Instagram-әлеуметтік желісінде жариялады.
«Қазір сотталған Қ.Бишімбаев Ақмола облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №5 мекемесінде жазасын өтеп жатыр (мекенжайы: Ақмола облысы Степногор қаласы, 7-өндірістік аймақ, 14 А корпусы)», — делінген жауапта.
Айта кетейік, бұл колония Астанадан үш сағаттық жерде орналасқан.
Еске салайық, бұған дейін желіде Бишімбаевтың қазақстандық колониялардан табылмағаны туралы ақпарат пайда болған еді. Бірқатар журналист ол жазасын Степногорск немесе Аршалыда өтеп жатқан болуы мүмкін деп болжаған. Алайда бұқаралық ақпарат құралдары бұл деректерді растай алмады. Кейінірек Telegram-арналары оның түзеу мекемесінен қашып кеткенін жаза бастады.