Тоқаев: «Мектеп асханаларындағы азық-түліктің сапасын көтеру керек»

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев білім жүйесінде назардан тыс қалдыруға болмайтын мәселелердің бірі ретінде мектептердегі оқушыларды сапалы тамақпен қамтамасыз ету тақырыбын көтерді.

Ол бастауыш сынып оқушылары мен аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға мемлекет есебінен тегін ыстық тамақ берудің маңыздылығын атап өтті. Алайда, мектеп асханаларындағы тамақтың сапасы алаңдаушылық туғызатынын айтты. Жақында Маңғыстау облысында балалардың тамақтан уланып қалуы осы мәселенің өзектілігін көрсетті. Мұндай жағдайларды болдырмау үшін санитарлық нормалардың сақталуын қатаң бақылау және тамақ сапасына ерекше назар аудару қажет.

Президент балалардың денсаулығы мен дамуы үшін мектеп асханаларында ұсынылатын тағамдардың халықаралық стандарттарға сай болуы маңызды екенін айтты. Тамақ балалардың өсіп келе жатқан ағзасына қажетті барлық дәрумендермен қамтамасыз етуі керек. Сонымен қатар, дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастыру үшін білім беру орындары агроөнеркәсіп кешендерімен серіктестік орнатуы тиіс.

Бұл бастама балалардың денсаулығын жақсартып, ұрпақтың сапалы білім алуына және дұрыс дамуына оң әсерін тигізеді.