Алматыда IV Халықаралық Түркітілдес журналистер медиа форумында байқау жеңімпаздары марапатталды

Алматы қаласында өткен «TURKTIME: Түркі Елдерінің Медиа және Туризм Бірлігі» атты IV Халықаралық Түркітілдес журналистер медиа форумында еліміздегі жалғыз қаржы тақырыбындағы байқаудың жеңімпаздары анықталды. Форум аясында Түркітілдес журналистер қорының он жылдық мерейтойы да атап өтіліп, әлеуметтік мәселелерді көтеріп жүрген қаламгерлер арасында «Әлеумет – қоғам айнасы» байқауының жүлдегерлері жарияланды. Бұл туралы Qazaq.today тілшісі хабарлайды.

Мерекелік шараға Британия, Германия, Түркия, Әзірбайжан, Солтүстік Кипр сынды елдерден туризм және медиа саласының мамандары, Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері, Парламент депутаттары, журналистика саласының сарапшылары, БАҚ өкілдері қатысты. Іс-шараны жыл сайынғы дәстүрге сай «Түркітілдес журналистер қоры» қоғамдық қоры мен «Халық банк» АҚ ұйымдастырып, еліміздің ақпарат саласында белсенділік танытқан үздік авторлар марапатталды.

Байқау жеңімпаздары

«Еркін сөз»-2024 байқауының Бас жүлдесін «Үздік телесюжет» аталымында КТК арнасының тілшісі Ұлан Нұрахмет, «Үздік мақала» аталымында «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі Елігімай Төңкер, ал «Сайттағы үздік мақала» аталымында atrpress.kz сайтының тілшісі Амандық Сағынтайұлы иеленді. Жеңімпаздарға диплом, статуэтка және 500 000 теңге көлемінде қаржылай сыйақы табысталды.

Сонымен қатар, «Еркін сөз» байқауының арнайы сыйлықтары төмендегідей иелерін тапты:

  • Жолдасбек Дуанабай атындағы сыйлық – Әділет Амангелді
  • Сәкен Орынбасарұлы атындағы сыйлық – Бағлан Тұрғанбек
  • Бақытгүл Мәкімбай атындағы сыйлық – Эльмира Жүрсінбекқызы
  • Айнұр Сыдықова атындағы сыйлық – Мерей Алайдар

«Әлеумет – қоғам айнасы» байқауының бас жүлдесін Жанаргүл Қадырова жеңіп алып, сыйлық ретінде ноутбукқа ие болды, ал екінші орын иегері Нұрбек Дәуренбеков соңғы үлгідегі ұялы телефонмен марапатталды.

Бұл шара Қазақстандағы журналистиканың әлеуметтік және қаржылық салаларға деген назарын арттырып, түркі елдері арасында медиа және туризм ынтымақтастығын нығайтуды мақсат етті.