Порнофильмге түскен: Танымал блогер айыпталып жатыр

Танымал блогер Сабина Мовлаева әлеуметтік желіде белгісіз біреудің интимді видеосы тарағаннан кейін, өзіне қатысты жалған айыптаулардың құрбаны болғанын мәлімдеді. 1 миллионнан астам оқырманы бар блогер бұл жағдайдан соң өзіне көптеген хаттар келіп жатқанын және оның ар-намысына нұқсан келтіретін айыптаулардан жапа шегіп жүргенін айтты.

Сабина өз жазбасында бұл видеодағы адамның өзі емес екенін бірнеше рет түсіндіргенімен, көпшілік оған сенбей, оны айыптауды жалғастырып жатқанын атап өтті. Ол бұл жағдайдың абыройы мен болашағына кері әсерін тигізуі мүмкін екенін айтады, әсіресе ана ретінде бұл жала оның отбасылық өміріне де қатты әсер етуде:

“Қанша рет айттым, видеодағы қыз мен емеспін! Адамдар мазақ етуін тоқтатар емес. Бұл менің намысыма тиеді… Мен – анамын. Неге олай етесіздер? Бұл видеоны менің қызым көрсе, не болады?”

Мовлаева осы жағдайға байланысты Алматы қаласының Наурызбай аудандық полиция басқармасына екі апта бұрын арыз түсірген. Ол өзінің ар-намысына тиетін және жағымсыз пікірлер мен хаттарды дәлел ретінде жинап, полицияға тапсырғанын жеткізді. Алайда, полициядан нақты шара қолданылғаны туралы жауап алмағандықтан, блогер алаңдап отыр.

Алматы қаласының полиция департаменті бұл оқиғаға қатысты пікір білдіріп, жеке өмірге қол сұғылмаушылық және жеке деректерді қорғау туралы бап бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Қазіргі таңда істің мән-жайларын анықтау мақсатында жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде.

Бұл жағдай блогердің ғана емес, жалпы әлеуметтік желі қолданушыларының жеке өмірі мен абыройын қорғау мәселесін де қозғап отыр. Сабина Мовлаева сияқты танымал адамдар жеке өмірлеріне жасалатын киберқысымнан қорғауға мұқтаж екенін тағы бір рет көрсетті.