Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Алматыда ауызашар берді. Ауызашарға зиялы қауым өкілдері, түрлі сала қызметкерлері, сондай-ақ қарттар және балалар үйіндегі жандар шақырылды, деп хабарлайды Qazaq.today.
«Рамазан – тәрбие мен тағылым айы. Қасиетті айда мұсылман баласы қанағат, шүкір, мейірім, бауырмалдық, кешірім сынды көркем мінезді қалыптастыруға тырысады. Өйткені, қасиетті айда мұсылманға көп жақсылық пен мүмкіндіктер беріледі.
Бұл туралы ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бұл айда жәннат есіктері ашылады. Ораза тұтқан адамның алдыңғы және кейінгі күнәлары кешіріледі», – деген сүйінші хабар жеткізген. Ендеше, берекелі айда көбірек сауапты амал жасауға асығайық. Ата-анамыздың, қазыналы қарттарымыздың дұғасы мен алғысын алуға тырысайық. Мүмкіндікке қарай мұқтаж жандарға қол ұшын беріп, науқастың көңілін сұрап, сауап алайық», — ҚМДБ Төрағасы.
Ол сондай-ақ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының дін мен дәстүр бағыты бойынша жұмыстар атқарып жатқанын атап өтті.
«Біз жыл басында бес бағыт бойынша жұмыстарға басымдық беру туралы шешім қабылдадық. Соның бірі — дін мен дәстүр бағыты. Қазір осы бағыт аясында республика бойынша дінімізбен қоса дәстүріміз, ұлттық құндылықтарымыз дәріптелуде. Аллаға шүкір, бүгінде Рамазан айы, Ораза, Құрбан айт мерекелерін ұлттық нақышта мерекелеп жатырмыз. Бүгінгі ауызашар дастарханында да арнау айтылып, күй тартыс пен терме-толғаулар орындалып жатыр. Мұндағы мақсатымыз — жастарға дінді насихаттаумен қатар оларға салтымызды да дәріптеу.
Расында, Рамазан — барлық адамды әлеуметтік жағдайы мен қызметіне, мансабына қарамастан бір мақсатқа жұмылдыратын береке мен бірліктің айы. Қазір осы ауызашар дастарханымызға ардагерлер мен балалар үйіндегі аға-бауырларымыз, інілеріміз қатысып отыр. Сонымен қатар түрлі саланың майталман мамандары да арамызда отыр.
Халықты ізгілік пен бірлікке ұйыту мақсатында Алматы қаласы бойынша 50 мешітте күнде тұрақты түрде ауызашар берілуде. Барлығы күніне Алматы қаласы бойынша 11 420 адамға ауызашар беріліп жатыр, — деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Өз кезегінде құттықтау сөзін алған ақсақалдар мен зиялы қауым өкілдері Бас мүфтиге алғыс білдіріп, Діни басқарманың игі бастамаларына сәттілік тіледі.
Ауызашар дастарқанында термелер орындалып, жас таланттардан құралған бір топ жігіт заманауи дәстүр үрдісімен жарапазан жырын айтты.
Сонымен қатар Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ақсақалдар мен ақ жаулықты аналарға және балаларға арнайы рамазан сыйын табыстады.
Qazaq.today