Жауапсыз әке: БҚО-да балаларына алимент төлеуден қашқан жігіт сотталды

Батыс Қазақстан облысы кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен Бәйтерек ауданының тұрғыны кінәлі деп танылып, оған 1 жылға бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды.

Бәйтерек ауданы прокуратурасының ұстанымы ескеріліп, ҚР Қылмыстық кодексінің 139-бабымен (балаларын күтіп-бағуға арналған қаражатты төлеу жөніндегі міндеттерді орындамау, еңбекке қабілетсіз ата-аналарын, еңбекке қабілетсіз жұбайын (зайыбын) күтіп-бағуға арналған қаражатты төлеуден жалтару) көзделген қылмыс жасағаны үшін сотталушының кінәсі толық дәлелденді.

БҚО прокуратурасынан мәлім еткеніндей, 2021 жылдан бастап борышкердің алимент төлеу бойынша баласына 2 млн 787,838 мың теңге көлемінде берешегі бар. Бұрын әкімшілік жауапкершілікке тартылғанымен, бірнеше жыл бойы өз міндеттерін қасақана орындамаған.

Үкім заңды күшіне енді.