7 адам: Жамбыл облысында екі отбасының адамдары газға уланып көз жұмды

Жамбыл облысы Жамбыл ауданы Қызыл Шарық ауылында жеке тұрғын үйде, алдын ала болжам бойынша, табиғи газбен жанатын пештің сөніп қалуы салдарынан үш адам газдан уланып қалған, деп хабарлайды Qazaq.today.

ТЖД-нің мәліметінше, оқыс оқиға 17 қазан күні сағат 07:40 шамасында  орын алған.

Белгілі болғандай, 1963 жылы туған үй иесі мен оның 1988 жылы туған ұлы оқиға орнында қайтыс болды, ал 2007 жылы туған немересі ауыр халде ауруханаға жатқызылды.

Сондай-ақ, 16 қазан күні Т. Рысқұлов ауданы, Жарылсу ауылында жеке тұрғын үйде алдын ала болжам бойынша газ плитасының шай қайнаған кезде сөніп қалуынан газдың шығуы салдарынан үй иелері 1967 және 1975 жылдары туған ерлі-зайыптылар, сондай-ақ олардың 2011 және 2019 жылы туған балалары газдан уланып, қайтыс болды.

«Екі жағдайда да сот-медициналық сараптама тағайындалып, материалдар жергілікті полиция қызметі не тапсырылды», — делінген хабарламада.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, Т. Рысқұлов ауданында бір отбасының ата-анасы және олардың кәмелетке толмаған екі қызының, сондай-ақ Жамбыл ауданында 61 жастағы әйел мен ересек ұлының қайтыс болу деректеріне қатысты «Адам өлімі» бойынша қылмыстық іс қозғалды.