Алматыда көлігін жөндемек болған жүргізушінің көзін металл сынығы тесіп өтті 

Алматылық офтальмологтар көзіне металл кіріп кеткен жүргізушінің көзіне шұғыл ота жасап, ер адамның жанарын сақтап қалды. Көлігін жөндемек болған жүргізушінің көзін жарты см металл сынығы тесіп өткен, деп хабарлайды Qazaq.today ақпараттық агенттігі. Науқасқа отаны Орталық қалалық клиникалық ауруханасының  дәрігерлері міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен тегін жасады. Дәрігерлер жоғары технологиялық операцияның арқасында жүргізушіні соқыр болып қалу қауіпінен сақтап қалды.

 «62 жастағы ер азаматтың көзіне металл сынығы түскен. Көлігін жөндеу барысында оң көзіне металл сынығы түскен ол шұғыл түрде ауруханаға жеткізілді. Металл сынығы көздің барлық қабаттарынан өтіп, көз орбитасының ішіне, жанардың жүйке тамырлары орналасқан тұсына қадалған. Ота барысында металл алынып, жарақаттың салдарынан болатын менингит пен сепсистің алдын алдық», — дейді офтальмология бөлімшесі меңгерушісі Гүлзат Әбдірайымова.

Жоғары технологиялар мен білікті мамандар пациенттің көз жанарын сақтап қалды. Маман сөзіне сүйенсек, аурухана дәрігерлері көз жарақатын сақтап қалуда жинаған тәжірибе жақсы. Тек биылғы жылдың басынан бері офтальмология бөлімшесінде 450-ге жуық операция жасалыпты.

«Күрделі ота 3 сағатта аяқталды. Жалпы, мұндай ота асқан шеберлікті, зергерге тән дәлдікті талап етеді. Өйткені операция барысында көздегі шыныәйнектің пішініне титтей де зақым келмеуі тиіс», — деді офтальмолог.

Қазір емделушінің жағдайы жақсы, көру қабілеті қалпына келді. Бірақ ол алдағы уақытта да көз дәрігерлерінің бақылауында болады.