1 доллар 600 теңге: Экономист ұлттық валютаға қатысты болжам жасады

Қазақстан ЕАЭО елдері арасында соңғы бес жылда инфляцияның өсуін ең нашар еңсерген мемлекеттердің бірі болып отыр. Енді ұлттық валютаны девальвациялау қажет болады. Мұндай пікірді «Golos naroda» бағдарламасында Экономикалық саясат институтының директоры, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі Қайырбек Арыстанбеков айтты, деп хабарлайды Qazaq.today.

Фото: digitalbusiness.kz

Экономисттің айтуынша, Қазақстан үкіметі мен Ұлттық банк инфляцияны тежеу үшін фискалдық және ақша-несие саясатының тиімді механизмдерін енгізіп, концептуалды тәсілдерін қайта қарауы керек болған, алайда бұл жасалмаған. Сондықтан енді теңге курсын төмендетуден басқа таңдау қалмады.

«Өткен жылы теңге бағамын ұстап тұрудың салдарынан шикізаттық емес экспорт 15 миллиард долларға қысқарды. Шикізат сатылып жатыр, бұл жерде мәселе жоқ, бірақ мұнай мәңгілік емес. Мен әріптестерім сияқты күрт девальвация қажет деп айтпаймын, бірақ баяу девальвация деген ұғым бар, және оны қолдану керек», – деді Қайырбек Арыстанбеков.

Оның айтуынша, соңғы бес жылда Қазақстанда жинақталған жалпы инфляция шамамен 55-60% құраса, басқа елдерде бұл көрсеткіш 25-30%-ды құраған. Сондықтан, экономисттің пікірінше, теңгенің нақты бағасы қазір 600 долларды құрайды.

Сондай-ақ, ол мұндай девальвацияның салдарына тоқталды.

«Әрине, импорт, оның ішінде тұрмыстық техника және басқа да тауарлар қымбаттайды. Алайда Қазақстанда өндірілетін азық-түлік өнімдерінің бағасы айтарлықтай өспейді және уақыт өте келе қайта төмендейді. Ең бастысы – біздің экономикамыздың бәсекеге қабілеттілігі қалпына келеді. Бұл жұмыс орындарын ашуға және бюджетке салық жинауды арттыруға ықпал етеді. Төртіншіден, осының бәрі жүзеге асқаннан кейін, біз сауда балансын қалпына келтіреміз. Ал олай болмаған жағдайда біз алтын-валюта қорларымызды жоғалтамыз», – деп түсіндірді Арыстанбеков девальвацияның қажеттілігін.