Bereke Bank-те акционері ауысты, деп хабарлайды Qazaq.today Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің хабарламасына сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, ұлттық басқарушы «Бәйтерек» холдингі мен Lesha Bank арасында еншілес ұйым – Bereke Bank-тің барлық акцияларын сатып алу-сату келісімі жабылды.
«Bereke Bank-тің акционерінің ауысуы банк үшін жаңа даму перспективаларын ашады, соның ішінде озық халықаралық стандарттарды енгізу, өнім желісін кеңейту және клиенттерге қызмет көрсету сапасын арттыру. Бұл банктің позициясын нығайтуға, қаржылық тұрақтылығын арттыруға, сондай-ақ клиенттерге инновациялық және бәсекеге қабілетті шешімдерді ұсынуға мүмкіндік береді», – делінген Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің хабарламасында.
Айта кету керек, Қазақстанның қаржы нарығына шетелдік инвестордың келуі екінші деңгейлі банктер арасындағы бәсекелестікті күшейтіп, нақты секторды несиелеудің өсуін қамтамасыз етеді.
Агенттіктің деректері бойынша, Bereke Bank-тің активтері 2 триллион 338 миллиард теңгені, меншікті капиталы – 186 миллиард теңгені құрайды.
2024 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша, Lesha Bank-тің активтері 2,05 миллиард долларды, меншікті капиталы – 0,35 миллиард долларды, капиталдың жеткіліктілік коэффициенті – 16,9 пайызды құрайды.
Бұған дейін ұлттық басқарушы «Бәйтерек» холдингі шетелдік инвесторға қазақстандық Bereke Bank-ті сату туралы келіссөздер жүргізіп жатқаны хабарланған болатын. Ақпанда катарлық Lesha Bank «Бәйтерек» қазақстандық мемлекеттік холдингіне тиесілі банктің акцияларын сатып алуды жоспарлап отырғаны белгілі болды.
2024 жылдың мамырында Lesha Bank пен «Бәйтерек» холдингі арасындағы сатып алу-сату келісімі 2024 жылдың 31 наурызында жасалғаны белгілі болды. Келісім сомасы – 65 миллиард қазақстандық теңге, ол сол кездегі айырбас бағамы бойынша 532 382 681 катар риалына тең.
Сондай-ақ, бұрын Катрадан келген инвестордың Bereke Bank-ті одан әрі сатып алу үшін бағалап жатқаны белгілі болды.
Бір жыл бұрын Bereke Bank-тің әлеуетті инвесторлары ретінде Катар мен Грузияның бизнесмендері аталған болатын. Сондай-ақ, Еуропалық қайта құру және даму банкі қызығушылық білдірген.