Марқұм сазгер Арман Дүйсеновтің ұлын қастандықпен өлтіріп кетті

Қазақстанның белгілі композиторы марқұм Арман Дүйсеновтің ұлы Абылай Арманұлы қайтыс болды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат агенттігі.

Суық хабарды тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы мәлім етті.

“Соңғы болған оқиғаларды естіп, жүректен жүрек қалмады. Көңілім құлазып отыр. Бүгін тіпті Арман Дүйсеновтің ұлы қайтыс болды деген хабарды естіп, отбасына қайғыра көңіл айтамын! Бекем болыңыздар. Алла бәріне ғұмыр сыйласын. Қазақта «аталатсаң да, боталатпа» дейді. Анасы өте ауыр. Бекем болыңыз! Осы Кеңсай зиратында Қайрекең мен Арман Дүйсенов қатар жатыр. Ол кісі екеуіне құран бағыштадық деп фото, видео жіберіп тұрады. Рақмет, сізге!», – деді журналист.

Халық әртісі Мақпал Жүнісова марқұм сазгер Арман Дүйсеновтің ұлының өліміне қатысты шындықты айтты. Өнер иесі марқұмға арнап, жазба жариялады.

“Марқұм Арман Дүйсеновтің тұңғышы Абылай Арманұлын біреулер қастықпен өлтірді деген суық хабар жетті. Иманы саламат болсын! Өлтірген адамды тауып, жазасын беру керек. Айсұлу, айналайын, Алла сабыр берсін! Кеше ұшып кетіп едім. Туғандарына, анасына, қарындасы мен бауырына қайғырып көңіл айтамын!”, – деп жазды халық әртісі.