Израильде теракт болды: Қаза тапқандар бар

«Беэр Шева» орталық автовокзал кешенінде қаруланған лаңкес оқ жаудырды. 9 адам жарақат алды. 20 жастағы бойжеткен мерт болды, деп жазады Qazaq Today ақпарат агенттігі.

Лаңкестің өзі де өлтірілді. Полиция оның кім екенін анықтады. Ол Негевтегі көшпелі бәдәуилер лагерінің тұрғыны, соттылығы болған.

Куәгерлердің айтуынша, атыс үш жерде болған. Біреуі тіскебасар сататын жердің жанында, екіншісі дәмханада, үшіншісі – жолаушылар терминалына кіре берістің жанында.

Беэр-Шевадағы орталық автовокзалдағы терактіден зардап шеккен екі адамның жағдайы ауыр, тағы төрт адамның жағдайы орташа, екеуі жеңіл жарақат алды.

Полиция лаңкестің сыбайластарын іздеп жатыр. Полицейлер азаматтарды автовокзалға жақындамауға шақырды. Сондай-ақ полицейлер лаңкестік оқиға болған жердің жанынан қызыл көлікті көргендерден дереу полиция шақыруын сұрайды.