АЭС салу бойынша жалпыреспубликалық референдумның Exit poll нәтижесі белгілі болды, деп хабарлайды Qazaq.today агенттігі Орталық коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Exit poll нәтижесін «Астана – кешенді әлеуметтік зерттеулер институты» жеке қорының талдаушысы Тәжібаев Әлібек Тимитайұлы жариялады.
«СОЦИС-А» «Астана – кешенді әлеуметтік зерттеулер институты» ЖҚ жүргізген exit-poll нәтижелері бойынша сауалнамаға қатысқандардың 69,8%-ы Қазақстанда АЭС салуды қолдады, 30,2%-ы қарсы дауыс берді» , — деді ол.
Айта кетейік, 6 қазанда елімізде АЭС салу бойынша референдум өтті. Алғашқылардың бірі болып премьер-министр дауыс берді. Кейіннен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дауыс берді. Сосын еліміздің алғашқы президенті Нұрсұлтан Назарбаев келіп дауыс беріп, қазақ халқына бақыт тіледі.
Орталық референдум комиссиясы әрбір екі сағат сайын дауыс берушілердің қатысуы туралы облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, елорданың аумақтық комиссияларының дерегін беріп отырды.
Республика бойынша учаскелерде дауыс беру сағат 20:00-де аяқталды.
Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, елорданың комиссиялары ұсынған деректерге сәйкес тізімге енгізілген азаматтардың 63,87%-ы бюллетень алды. Яғни дауыс беруі керек болған 12 миллион 244 683-тің 7 миллион 820 мың 918-і дауыс берді.
Еске салайық, Қазақстанда АЭС салу бойынша референдум өткізуге 15,5 миллиард теңге жұмсалды.