Атырауда жол қозғалысын реттеп тұрған полицейді көлік қағып кетті (видео)

Атырауда жол қозғалысын реттеп тұрған полицейді көлік қағып құлатты. Ол түрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді, – деп хабарлайды Qazaq.today.

Атырау облыстық ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға 30 қыркүйекте болған.

«Кешкі сағат 18:40 шамасында Toyota Corolla автокөлігінің жүргізушісі Атырау қаласындағы Сәтпаев-Ерниязов көшелерінің қиылысында патрульдік полиция батальонының қызметкерін қағып құлатқан. Сол сәтте полиция қызметкері жол қозғалысын реттеп тұрған. Түрлі дене жарақатын алған ол облыстық ауруханаға жеткізілді», – деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Қазір жол-көлік оқиғасына қатысты тиісті іс-құжаттар жинақталды. Сараптамалар қорытындысына сәйкес, ол шешім қабылдау үшін сотқа жолданатын болады.

«Жол-көлік оқиғасына себепкер болған көлік жүргізушісі көзі күнге шағылысқандықтан патрульдік полиция қызметкерін көрмей қалғанын айтады. Бірақ бұл жауапкершіліктен құтқармайды», — делінген ақпаратта.