Жанқош Тұраровтың 16 жекпе-жегін нокаутпен жеңген боксшыға қарсы жекпе-жегі өтпейді

 

Олимпиада чемпионы Данияр Елеусіновпен бір кардта өнер көрсететін Жанқош Тұраровтың алдағы жекпе-жегі өтпейтін болды.

Фото: instagram.com/zhankoshturarov 

WBA тұжырымы бойынша ең үздік 10 боксшының қатарында тұрған Жанқош Тұраровтың алдағы жоспарланған жекпе-жегі өтпейтін болды. IBO нұсқасы бойынша бірінші жартылай орта салмақтағы әлем чемпионы 28 қыркүйек күні AllStarsBoxing кешінде 16 жекпе-жегін нокаутпен жеңген Хесус Пинтоға қарсы жұдырықтасуы тиіс еді. Бірақ боксшы жарақат алып қалғанын Instagram-дағы парақшасында жариялады.

«Ассалаумағалейкүм, достар! 28 қыркүйекке жоспарланған жекпе-жегім жаттығу кезінде оң иығымнан жарақат алуыма байланысты кейінге қалдырылды. Қай уақытта болатынын алдағы күндері хабарлаймын», — деді Тұраров.

Айта кетейік, Жанқош Тұраров шаршы алаңда 28 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен боксшы. Ол соңғы жекпе-жегінде  жапондық Ахикиро Конданы төрешілер шешімімен ұтып, WBA Gold титулын жеңіп алған болатын.