Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығы

Қазақ әдебиетінің белгілі өкілі, балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдық мерейтойы Райымбек ауданында салтанатты түрде тойланды. Бұл айтулы мереке Б.Мұқай атындағы мәдениет үйінде өткен «Болмысы бөлек Бердібек» атты кешпен жалғасын тапты.

Іс-шара барысында қатысушылар алдымен жазушының өмірі мен шығармашылығын баяндайтын көрмемен танысты. Көрмеге жазушының шығармашылық жолынан сыр шертетін құнды деректер мен суреттер қойылды. Мерекелік кештің ең басты бөлігі ретінде көрермендер назарына «Бердібек әлеміне саяхат» атты театрландырылған қойылым ұсынылды. Қойылымның режиссері — Сержан Молдасан, ал негізгі рөлдерде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Бауыржан Қаптағаев, Ерлан Біләл және Еркебұлан Дайыров өнер көрсетті. Бердібек Соқпақбаевтың рөлін сомдаған Ербақ Құрманжанұлы көрермендерді ерекше әсерге бөледі.

Мерейтой аясында Алматы облысының әкімдігі қолдауымен жарық көрген Бердібек Соқпақбаевтың төрт томдық шығармалар жинағының тұсаукесер рәсімі өтті. Бұл шарада Алматы облысы әкімінің орынбасары Болат Қайратұлы құттықтау сөз сөйлеп, облыс әкімі Сұлтанғазиев Марат Елеусізұлының құттықтауын жеткізді. Жазушының қызы Самал Соқпақбаева және Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов өз сөздерінде Бердібек Соқпақбаевтың қазақ әдебиетіне қосқан үлесіне ерекше тоқталды.

Салтанатты кеште өнерпаздар Бердібек Соқпақбаевтың шығармашылығына арналған өнер туындыларын орындап, жазушы рухына құрмет көрсетті. Бердібек Соқпақбаевтың шығармалары қазақ әдебиетінде мәңгілік орын алып, оның мұрасы болашақ ұрпаққа жеткізілуіне осындай іс-шаралардың қосар үлесі зор.