Жігітпен алғашқы кездесуде көз жұмған бойжеткеннің ісіне қатысты сот үкімі өзгерді

Сот жігітпен алғашқы кездесуде көз жұмған алматылық арудың өліміне қатысты іс бойынша айыпты деп танылған ер адамның үкімін қайта қарады, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат агенттігі. 

«2023 жылдың қазан айында сотталушы Т жәбірленуші К-мен таксиге байланысты туындаған жанжал кезінде ұрсысып қалған. Т кафеден шығып, К-ны күшпен итеріп жіберген. Ер адам қыздың арқасынан келіп, басын соққан. Бұдан кейін қыз бетон арықтың үстіңгі шетіне құлаған. Қыз арыққа құлап, алған зақым салдарынан көз жұмды. Сараптама қорытындысына сәйкес К-ның өліміне мидың бүйірлік қарыншаларына қанның серпілісімен, бассүйек-мидың жабық жарақаты, оң жақ самай сүйегінің сынуы себеп болған», – делінген Алматы полиция департаментінің хабарламасында.

Полиция департаментінің дерегіне сенсек, сот алқасы іс материалдарын, сараптама қорытындысын ескере отырып, бұрын шығарылған үкімнің күшін жойды.

«Алқаның қаулысымен Т абайсызда адам өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру (ҚК 106-бабының 3-тармағы) үшін кінәлі деп танылып, оған 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», – деді баспасөз қызметі.

Фото: Nemolchikz парақшасынан