Экономистер бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын мерзімінен бұрын пайдалануға шектеу қоюды ұсынды

Экономистер бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының жұмысын жетілдіруді ұсынып отыр. Сарапшылардың пікірінше, салымшылар үшін зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын пайдалану мүмкіндігін шектеу қажет. Яғни жинақтау және инвестициялау кезінде қордағы қаржы қолжетімсіз болғаны жөн. Бұл туралы Qazaq.today ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

 

Қазақстандықтар қартайған шағында лайықты зейнетақы алуы үшін шартты жинақтау нұсқасын араласқа ауыстырылғанын қалайды. Демек жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары «4+1» үлгісіне өтуі тиіс. Бірақ кейбір қаржыгерлер бұл ұсынысқа қарсы.

Бірнеше ай бұрын қаржыгерлер қолданыстағы жинақтаушы зейнетақы жүйесін жетілдіруге бағытталған ұсыныстарын айтқан еді. Соның бірі – жинақталып жатқан қаржыны мерзімінен бұрын пайдалануды шектеу. Яғни салымшы жинағына тиіспегені жөн.

Екіншіден – жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын шартты жинақтаушы нұсқадан «4+1» моделіне негізделген аралас нұсқаға ауыстыру. Демек жарнаның 4%-ы жұмысшының жеке зейнетақы шотына жіберілуі керек. Сәйкесінше, өзі басқарады, мұраға қалдыруға да құқылы. Қалған 1%-ы зейнетақы төлемдерінің өмір бойына берілетініне кепілдік есебінде жалпы шотқа түсуі қажет. Пікірлерінше, бұл үлгі жұмысшылар мен жұмыс берушілер үшін түсінікті, әрі әділ болмақ. Бірақ экономист Жангелді Шымшықов бұл ұсыныспекеліспейді.

“85 мыңның 5%-ы – 4250 теңге. Ал 1%-ы – 850 теңге. Сонда 850 теңгені ертең ол қорда қалады да, зейнетақының деңгейін ең төменгі тұрмысқа жарамды деңгейге дейін сақтап отыруға жұмсалады дейді. 850 теңгеден жинадық дейік, жылына қанша болды? Ұят емес пе тіпті?”, – деді экономист Жангелді Шымшықов.

Сарапшы орташа жалақыны басшылыққа ала отырып, есептесең де, жеткілікті зейнетақы жинау қиын дейді. Демек, бұл ұсыныс мәселені шешпейді. Әрі жинақты инвестициялық кіріс есебінен ұлғайту да қисынсыз көрінеді. Себебі жыл басынан бергі инвестициялық табыс 1 триллион 410 миллиард теңгеге тең. Ал инфляция деңгейі – 8,6%, салымшылардың шотына түскен зейнетақы активтерінің кірістілігі – небәрі 7,5%.

1 тамыздағы жағдай бойынша салымшылардың шоттарына бөлінген зейнетақы активтерінің кірістілігі – 12,73%. Ал инфляция 8,60% болып отыр. 2024 жылдың басынан бастап салымшылардың шоттарына бөлінген БЖЗҚ зейнетақы активтерінің кірістілігі – 7,51%.

Сондықтан экономист прогресивті салық жүйесін енгізуді ұсынды. Әр азамат ата-анасының зейнетақы жинағына айлығының 10%-ын аударып отыру қажет дейді. Айтуынша, дәл осы бастама мәселені шешуге мүмкіндік береді. Өйткені баласы әлдебір қорға, не бөтен бір адамға жібермейді. Зейнет жасына жақын ата-анасына жағдай жасайды.