Балаева жауап берді: Беларусь елінде түсірілуі тиіс «Әлия» фильмі саяси жағдайға байланысты тоқтаған

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қазақтың мерген қызы Әлия Молдағұловаға арналған «Әлия» көркем фильмі түсірілімінің тоқтау себебін айтты, деп хабарлайды Qazaq.today. 

Министр БАҚ-тағы соңғы хабарларға байланысты түсініктеме беріп, көркем фильм Беларусть Республикасында емес, өзіміздің елде түсірілетінін айтты. Министр өз сөзінде бұл фильмнің бюджеті ауқымды екенін, қаражаттың жартысы жеке инвесторлардан, қалғаны мемлекеттен бөлінетінін еске салды. Алайда комиссия фильмді конкурстан уақытша алып тастаған.

«Бұл жалпы бюджеті 900 млн теңгеден асатын ауқымды жоба, оның 450 млн теңгесі жеке инвестициялар, ал қалған соманы кинокомпания мемлекеттік бюджеттен алуды жоспарлаған. Осы маусымда фильм түсіруді жоспарлап отырған топ ұлттық киноны қолдау жөніндегі мемлекеттік орталық ұйымдастырған питчингке қатысып, мемлекеттік қолдауға үміткер картинаның сценарийін ұсынды. Ведомствоаралық комиссия отырысының нәтижелері бойынша қаржыландыруға 18 жоба ұсынылды, оның ішінде «Әлия» фильмі де бар», — деп жазды министр Facebook-тегі парақшасында.

Алайда фильмді ұсынған кинокомпания Әлия Молдағұлованы еске алу алдындағы жоғары жауапкершілікті және фильмнің қазақстандық көрермен үшін маңыздылығын ескере отырып, мемлекеттік қаражатты ұтымсыз пайдаланбау үшін конкурсқа қатысуды уақытша тоқтата тұруға шешім қабылдаған.

«Бұл шешім жобаны кешіктірудің жоғары қаупімен байланысты болды, өйткені түсірілімнің негізгі бөлігі Беларусь Республикасының аумағында жоспарланған, онда соғыс қимылдарының көріністерін түсіру жоспарланған болатын. Қазіргі уақытта Белоруссия басқа жобалардың, негізінен ресейлік жобалардың жоғары жүктемесіне байланысты қажетті табиғи алаңдарды ұсына алмайды. Осы себепті табиғи декорацияларды қолдану кестесін келісу мүмкін болмады, содан кейін мерзімдерді бұзу және жобаны уақтылы аяқтамау қаупі туындады. Осыған байланысты Шығыс Қазақстан облысында өзінің табиғи алаңдарын қалпына келтіру туралы шешім қабылданды. Бұл түсірілім сапасын сақтап қана қоймай, фильмнің уақытында берілуін қамтамасыз етеді. Мұндай шаралар көрермендердің үмітіне сай және Ұлы кейіпкерді еске алуға лайықты фильм түсіруге көмектесетініне сенімдіміз», — деді Аида Балаева.

Министрдің сөзінше, аталған жобаны қаржыландыруға қатысты ешқандай мәселе жоқ. Ол фильмді түсіруді уақытында аяқтап, оны үлкен экрандарда көрсетуге бар күштерін салатынын айтты.

Еске салайық, Екінші дүние соғысына қатысып, небәрі 18 жасында мерт болған мерген қыз Әлия Молдағұлованың туғанына биыл 100 жыл.