Ел қазынасына тонаған байлықтарын тапсырған Қайрат Сатыбалды мерзімінен бұрын түрмеден шығатын болды, деп хабарлайды Qazaq.today.
Мемлекетті тонаған Қайрат Сатыбалды түрмеден ерте шығатын болды. Ол видеоүндеу жариялап, халықтан және Президенттен кешірім сұрады, жасаған қылмыстарын толықтай мойындады. Қылмыскер өзінің видеоүндеуінде «жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» екенін еске салды. Қайрат Сатыбалдының түрмеден шығатынын Шығыс Қазақстан облысының соты хабарлады. Оның өтелмеген жазалары шартты түрге ауыстырылды.
«Өскемен қаласының №2 соты сотталған Қайрат Сатыбалдының жазасының өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түріне ауыстыру туралы өтінішхатын қарады. Қайрат Сатыбалды мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік қызмет атқару құқығынан 10 жылға дейінгі мерзімге айырыла отырып, 6 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Сотталған өзінің өтінішхатында жазасының өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл түріне ауыстыру туралы өтінішхатын беру үшін заңның барлық талаптарын орындағанын атап көрсеткен», — деп жазды сот.
Осылайша, Өскемен соты Сатыбалдынының жазасын жеңілдетіп, оның түрмедегі жазасын бас бостандығын шеттету жазасына ауыстырды. Қайрат Сатыбалды осыдан екі жыл бұрын мүлкі тәркіленіп, 6 жылға сотталған еді. Осы уақыт аралығында ол мемлекетке 783 миллиард теңгеге тең активтерді қайтарды.