Алматы облысында жекеге заңсыз өтіп кеткен 30 гектар жер мемлекетке қайтарылды — Антикор

Алматы облысының Антикор еріктілері 30 гектар жерді мемлекет меншігіне қайтарды

Ағымдағы жылдың сәуір айында Алматы облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің еріктілерімен Ұйғыр ауданы Шонжы ауылдық округінен 30 га жер телімін беру кезінде орын алған бұзушылықтар анықталды.

Бұл жер телімі жеке тұлғаға күн сәулесінен электр энергиясын өндіру мақсатымен 49 жыл мерзімге уақытша жалға беріліп, кейін аталған учаскеде мемлекеттік қаржы есебінен су мұнарасы бұрғыланған.

Сондай-ақ, мониторинг барысында жер телімін беру кезінде қолданыстағы заңнамаға сәйкес сауда-саттықты (аукциондарды) ұйымдастыру және өткізу процестері сақталмағаны анықталды.

Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Алматы облысы бойынша Департаментімен аталған жер телімін берудің заңдылығын тексеру үшін жер ресурстарын басқару жөніндегі уәкілетті органға тиісті хат жолданды.

Тексеріс барысында учаске ҚР Жер кодексінің 19 (аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округтер әкімдерінің құзыреті) және 48 (мемлекеттік меншіктегі жер учаскелеріне құқықтарды сауда-саттықта (аукциондарда) алу) баптарын бұза отырып берілгені анықталды.

Нәтижесінде Шонжы а.о. әкіміне анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама енгізілді. Шілде айында аталған нұсқаманы орындау мақсатында учаске меншік иесімен мемлекетке өз еркімен қайтарылды.