Бұл пікірді баспагер, журналист, бұрынғы Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан айтты.
Оның айтуынша, жалпы жер-жүзінде демографиялық толқын деген болады. Демографиялық толқын дегеніміз не? Ол білімі аз, экономикалық жағдайы нашар, көп оқымаған елдерде бала туу көрсеткіші, яғни демография жоғары болады дегенді білдіреді. Ал қоғамның оқуға, білімге ұмтылып, жұмысқа деген құлшынысы артқан сайын бала туудың мүмкіндік құны көбейеді де бала туу күрт азаяды.
Осы ретте ол бір қызық детальды мысалға келтірді. Ол Қазақстан мен Израиль елінде бір қызық феноменнің, былайша айтқанда құбылыстың бар екенін атап өтті.
Біздің елде және Израильде қызық құбылыс бар. Басқа елдермен салыстырғанда, біздің елде халықтың жан басына табысы орта деңгейде. Ал мұндай деңгейде демографиялық дүмпу болмау керек. Бірақ бізде демографиялық дүмпу бар. Израильде де солай. Соған қарап мен елдің орта табысы адамдардың табысынан құралмайды деп ойлаймын. Ол көбіне мұнай және басқа да компаниялардың табысынан құралады. Сондықтан біздің елдің орта табысы жалпы ішкі өнімнің жан басына шаққанда жеке адамдар үшін аз. Сол себепті демографиялық дүмпу әлі жалғасып жатқан сияқты, – деді ол.
Сұхбат беруші демографиялық дүмпудің жалғаса бергені де еліміз үшін жақсы екенін айтты. Бірақ санды сапаға ауыстыру механизмдеріне көбірек көңіл бөлу керек деген ойын да жасырмады.