Қазақстанға бейресми жолмен әкелінген ZEEKR электромобилдерін кейбір автоорталықтар Trade-in бағдарламасы немесе комиссионды сату бойынша қабылдауды тоқтатты. Бұл туралы Qazaq.today сайты жазды.
Атап айтқанда, Mycar.kz автоорталықтары мен «Астана Моторс» дилерлік орталықтары 2024 жылдың 16 шілдесінен бастап Қазақстанға бейресми жолмен әкелінген ZEEKR электромобилдерін қабылдауды тоқтатты.
«Бұл жағдай өндірушінің ішкі Қытай нарығына арналған, бірақ басқа елдерде қолданылатын электромобилдердің борттық мультимедиялық жүйелерін бұғаттау туралы мәлімдемесіне байланысты. Сонымен қатар, мұндай көліктер Қазақстандағы техникалық регламентке және елімізде қабылданған экологиялық және қауіпсіздік еуропалық стандарттарға сай келмейді. Нәтижесінде ZEEKR өндірушісінің шешімі мен «сұр» автокөліктердің Қазақстан жағдайына бейімделмеуі бұрын қолданылған автокөлік нарығының қатысушылары үшін қауіп төндіреді, ал біздің компания бұл қауіптерді клиенттеріміз үшін азайтуға тырысады», — деп хабарлады «Астана Моторс».
Компания бұрын Қазақстанда ZEEKR ресми дистрибьюторынан сатып алынған электромобилдерге trade-in бағдарламалары мен комиссионды сату шеңберінде шектеулер жоқ екенін атап өтті.
«Біз болашақта «сұр» импорт арқылы елге әкелінген автокөліктерді қабылдау бойынша ұқсас шектеулерді басқа брендтер үшін де біздің дилерлік орталықтарда енгізу мүмкіндігін қарастырамыз. Мұндай қадам біздің компаниямыздың Қазақстандағы автобизнесін одан әрі өркениетті дамытуға және қазақстандық тұтынушылардың мүдделерін қорғауға ықпал етеді», — деп қосты «Астана Моторс».
Сонымен қатар, пайдаланылған автокөліктердің тағы бір ірі қазақстандық сатушысы Aster.kz бұл брендтің электромобилдерін сатып алу немесе комиссионды сату бойынша қабылдайды, алайда нарықтық құнға бағытталады.
«Біз әрқашан нарыққа бағдарланамыз. Егер нарық бұл брендтің электромобилдеріне төмен баға көрсетсе, біз де оны сәйкес бағаға сатып аламыз. Егер бұл комиссионды сату болса, біз автомобильді алдын ала дайындау, фотосуреттер жасау, жарнама беру, әлеуетті сатып алушылармен сөйлесу, автоны серіктес банктерімізбен несиеге рәсімдеу, сондай-ақ жаңа сатып алушыға 30 күнге техникалық тегін кепілдік беру қызметтерін ұсынамыз. Автомобиль соңғы тұтынушыға сатылғанға дейін сатушының иелігінде қалады. Ал, егер осы брендтің электромобилдерінің нарықтағы бағалары тұрақсыз болса, сату процесі ұзақ уақытқа созылады», — деп атап өтті Aster.
ZEEKR бұғатталуы. Қазақстандық иелері электрокарларының болашағына алаңдаулы
Еске салсақ, шілде айының соңында ZEEKR International өкілі Tengri Auto тілшісіне Қазақстанға бейресми әкелінген ZEEKR автокөліктерінің бұғатталатынын растаған болатын. Алайда бұл тек 2024 жылдың 15 шілдесінен кейін конвейерден шыққан электромобилдерге қатысты. Яғни, қазір Қазақстан аумағында жүрген көліктер бұғатталмайды.