Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің аумақтық департаменті әлеуметтік желілерде малдың жаппай ауруға шалдығуы және қырылуы туралы жарияланымдарға қатысты тексеру жүргізіп жатыр.
Ведомство өкілдерінің мәліметінше, 24 шілдеде сағат 6:00-ден бастап Казтлов ауылында қатты жаңбыр жауған. Шопан жайылымнан қойларын ауылға айдай алмай, Казталов ауылдық округіндегі Мышым қыстауына тастап кеткен. Салдарынан 25 шілдеге қараған түні 38 бас қой-ешкі қырылған. Сол күні ветеринарлық қызмет мамандары өлекселерді мал қорымына шығарды.
«Аса қауіпті ауруларды болдырмау үшін өлген 2 бас қой мен 1 ешкіден патологиялық материалдар іріктеліп алынып, АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің облыстық ветеринариялық зертханасына жіберілді. Талдау нәтижелері 5 тамызда дайын болады», – делінген комитет хабарламасында.
Эпизоотиялық жағдай осы аумақтың ветеринариялық қызметінің бақылауында.