Ақтөбеде жеңіл көлік велосипед мінген екі жігіттті қағып өлтірді

Ақтөбе қаласында жеңіл көлік пен велосипед соқтығысып, екі адам көз жұмды. Оқиға түнде болды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша 23 шілде күні сағат 00:50-де қайғылы оқиға тіркелді. Қаладағы Ақжар-1 ауылы маңындағы айналма жолмен жүріп келе жатқан көлік жүргізушісі велосипедке соқтығысқан. Салдарынан велосипедтегі 25 және 26 жастағы екі жігіт көз жұмды.

— Екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. «Kia» автокөлігінің 34 жастағы жүргізушісі қамауға алынды. Ол Ақтөбе қаласының тумасы, — деп хабарлады Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.

Айта кетейік, жыл басынан бері велосипед айдап, жол-көлік оқиғасына тап болған 3 дерек тіркелді. Онда бір адам көз жұмып, екеуі жарақат алды.

Фото: Pixabay