Қарағандыда ферроқорытпа зауытындағы апаттан зардап шеккен қызметкердің бірі қайтыс болды

Фото: pixabay.com

Қарағандыдағы ферроқорытпа зауытындағы апат кезінде 8 жұмысшының денесін күйік шалып, ауруханаға жеткізілген еді. Олардың бірі бүгін қайтыс болды. Бұл туралы Qazaq.today ақпарат агенттігі хабарлайды.

Дәрігерлер қайтыс болған жұмысшының жақындарына көңіл айтты.

“Дәрігерлер барынша тырысты, бірақ зардап шеккен жұмысшылардың бірін аман алып қала алмады. Осы уақытқа дейін жағдайы өте ауыр болды. Денесінің 85 пайызын күйік шалған 1993 жылы туған науқас қайтыс болды. Марқұмның жақын туыстарына шын жүректен көңіл айтамыз”, – деп мәлімдеді облыстық денсаулық сақтау басқармасы.

Еске салайық, 20 шілдеде Қарағанды ферроқорытпа зауытында төтенше жағдай болып, 8 жұмысшысы әртүрлі дәрежеде жарақат алғанын жазған едік. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, арнайы комиссия да құрылған.

Сондай-ақ әлеуметтік желіде күйіп қалған жұмысшыларды “Газельмен” ауруханаға жеткізілгені туралы ақпарат тарады.