Көпбалалы отбасынан шыққан балалар жеңілдікпен оқуға түсе алады

Көпбалалы отбасынан шыққан абитуриенттер жеңілдікпен оқуға түсе алады. Ұлттық тестілеу орталығы «көпбалалы отбасы» квотасы туралы ақпарат ұсынды, деп хабарлайды Qazaq.today агенттігі.

Кәмелетке толмаған төрт және одан көп бала тәрбиелеп отырған отбасынан шыққан балалар квотасы — 5%. Яғни, жалпы мамандыққа бөлінген гранттың 5%-ы осы квотамен беріледі. Биыл «Педагогикалық ғылымдар» бағыты бойынша 13 735 грант бөлінген. Оның ішінде 687 грант немесе 5%-ы көпбалалы отбасынан шыққан балаларға арналған.

«Көпбалалы отбасы» квотасы бойынша грант конкурсына қатысу үшін талапкер 18 жасқа толмауы керек, толық ақпарат мына сілтемеде жарияланған.

Отбасында кәмелетке толмаған төрт бала, оның ішінде 23 жасқа толмаған күндізгі бөлімде оқитын жоо немесе колледж студенті болуы керек. Мысалы, талапкердің өзі (18 жасқа толмаған) + 1 бала (18 жасқа толмаған) + 1 бала (18 жасқа толмаған) + 1 бала (23 жасқа толмаған күндізгі бөлімде оқитын ЖОО немесе колледж студенті).