Алматы музейінде Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні және көрнекті мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың, белгілі жазушылар, қазақтың үш бәйтерегі – Сәкен Сейфуллиннің, Ілияс Жансүгіровтің, Бейімбет Майлиннің туғанына 130 жыл толуына орай «Азалы тарихқа айрықша тағзым» атты көрменің ашылуы өтті.
31 Мамыр – Қасірет Күні
«31 мамыр – қазақтың басына түскен үлкен ойрандардан қаза болған, құрбан болған азаматтарымызды еске алу күні. Қасірет күні деп айтуға да болады. Сондықтан 1993 жылы Қазақстанның бірінші Президенті Н.Назарбаевтың жарлығымен Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні ретінде белгіленген. Содан бері аталып, өтіп келе жатыр. Республика көлемінде, басқа жерлерде де өтіп жатады, бірақ соның ішінде Алматының орны мен үшін ерекше. Бүгін Алматы музейі 31 мамырға орай көрме ұйымдастырып отыр екен. Бұл біздің болашағымызды бастайтын ұрпақтарымызға керек. Мұражайға келген жастар мүлде басқа сабақ алады. Қазақтың қасіретін көрген кезде олардың бойында ұлтжандылық оянады», — деді Республикалық Саяси қуғын-сүргінге ұшырағандар қауымдастығының төрағасы Жұмабек Ашуұлы.

Көрменің Мазмұны және Экспонаттары
Көрмеде музей қорындағы фотосуреттер, мұрағаттық құжаттар, сол жылдарға тән заттай айғақтар, көрнекті мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың, Темірбек Жүргеновтің, белгілі жазушылар Сәкен Сейфуллиннің, Ілияс Жансүгіровтің, Бейімбет Майлиннің т.б. тергеу ісі құжаттары мен Мансұр Ғатаулиннің кілемшесі, пеналы, Сұлтанбек Қожановтың қойын дәптері, Ықылас Каренеевтің жеке мөрі мен АЛЖИР-де отырған әйелдердің қолдан жасаған тасбиығы және олардың балаларына арнап тоқыған кесте бұйымдары қойылған.
Көрменің Мақсаты
Көрменің мақсаты — қазақ халқының ауыр тарихын еске алу, саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын ұмытпай, олардың өмірі мен еңбектерін болашақ ұрпаққа жеткізу. Бұл көрме тек өткенді еске алу емес, сонымен қатар жастардың бойында ұлтжандылық сезімін оятуға бағытталған.
Көрменің Маңызы
Бұл көрме — Қазақстан тарихындағы ауыр кезеңдердің бірін еске алып, сол кездегі қайраткерлердің ерліктері мен еңбектерін ұлықтау. Мұндай іс-шаралар қоғамның тарихи жадысын сақтап, болашақ ұрпаққа өткенімізден сабақ алуға мүмкіндік береді.

«Оқу бағдарламарында, мектеп пен университеттерде ауызша айту бөлек, ұлт қайраткерлерінің еңбегін осындай көрмелерден көрген бөлек болады. Сондықтан мұндай көрмелердің мақсаты – саналы ұрпақ тәрбиелеу. Өйткені олар архив құжаттарын көреді. Зиялылар қолданған заттары көргенде кез келген адам бейжай қалмайды. Жапония, Оңтүстік Корея, Қытайда оқушылар мен студенттер өз елінің тарихына қатысты көрмелерге келіп тұрады, бұл міндеттелген. Бізде осындай мәдениетке қол жеткізуіміз керек», — деді Бауыржан Иманғалиев.
Көрме 14 маусымға дейін жалғасады.






