3 шілде күні Астананың үстінде алты әскери ұшақ түрлі түсті түтін шығарып, әуе көрінісін жасады, деп хабарлайды Qazaq.today тілшісі.
Астана тұрғындары мен қонақтары әуе кеңістігін кесіп өткен ұшақтардың қызыл және сары түсті түтін шығарғанын көріп, әсерлі көрініске куә болды.
Бүгін Астанада жаңбырлы күн болды, соның салдарынан су тамшылары түрлі түске боялып, көліктерде түрлі түсті дақтар пайда болды.
Бұл Астана тұрғындарына арналған жалғыз әсем көрініс емес. Кешкі уақытта Ботаникалық бақта мерекелік отшашу жоспарланған. Отшашу шамамен 22:00-22:30 аралығында басталады.
Естеріңізге сала кетейік, 3-4 шілде күндері Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) саммиті өтіп жатыр. Саммитке шамамен 10 мың шетелдік делегат қатысады деп күтілуде.
ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына 10 ел қатысады: Үндістан, Иран, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан және Беларусь (мүше мемлекет мәртебесінде). Сондай-ақ, ШЫҰ тұрақты жұмыс істейтін органдарының басшылары Астанаға келді. БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш пен СВМДА, ҰҚШҰ, ЕЭК, ТМД, ИОПБ және ЭЫҚҰ басшылары да өз қатысуын растады.
2 шілде күні Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Астанаға Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин мемлекеттік сапармен келді. Қазақстан басшысы жоғары мәртебелі қонақты әуежайда қарсы алды.
3 шілде күні таңертең Ресей президенті Владимир Путин де ШЫҰ саммитіне қатысу үшін Қазақстан астанасына келді.