Желіде Оралда кофехананың ашылуында түсірілген видео пайда болды. Кадрлардан ашылу салтанатына жүздеген адамның жиналғанын көруге болады. Кеш жақсы басталғанымен соңында жиналған халық бірін-бірі таптап кете жаздады. Бұл туралы Qazaq Today ақпарат агенттігі Stan.kz — ке сілтеме жасап хабарлайды.
Әлеуметтік желі қолданушыларының айтуынша, аталған жағдайға елімізге танымал блогерлердің келуі себеп болған. Жиналған жұрт арасында жүрген балаларға мән бермей, бірін-бірі басып кете жаздаған. Желі қолданушыларының пікірінше, блогерлер оларға тегін бірдеңе таратқан болуы мүмкін. Алайда бұл туралы нақты ақпарат жоқ.
Батыс Қазақстан облысының полиция департаменті оқиғаның мән-жайын айтып берді. Оқиға 28 маусым күні сағат 18:00-де болған.
«Қадыр Мырза-Әлі шағынауданында танымал блогерлердің қатысуымен кофехана ашылды. Шараға Орал қаласының 200-ге жуық тұрғыны келді. Полиция қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Іс-шара барысында қылмыс болған жоқ. Сондай-ақ зардап шеккендер жоқ», – деді полиция.
Дегенмен пікір білдірушілердің көбі шараны ұйымдастырушылар жауапкершілікке тартылуы керек деп есептейді. Өйткені олардың ойынша, төбелес кезінде адамдар зардап шегуі мүмкін еді.
Фото: Видеодан кадр