Қазақстанда банкрот деп тану ережелері өзгертілмек: шетелге бес жыл шыға алмайды

Қазақстанда 6000 адам банкроттыққа өтініш берсе, соның 102-сі ғана банкрот деп танылды. Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың айтуынша, көптеген борышкерлер банкроттық критерийлеріне сәйкес келмеген. Бұл туралы Qazaq.today ақпарат агенттігі хабарлайды.

Борышкерлердің қарызы 600 айлық есептік көрсеткіштен асып кеткен немесе қарыз сомасын қате көрсеткен жағдайлар болды. Осы мәселелерді шешу үшін ережелерге бірқатар өзгерістер енгізіледі. Бұрын борышкерлер несие берушімен берешекті өтеу туралы құжатты өтінішке қоса беру қажет еді. Енді мамандар несиелік бюродан барлық ақпаратты алатындықтан, қазақстандықтарға қарыздың нақты сомасын енгізудің қажеті болмайды.

Сонымен қатар, қаржы ұйымдарының тізімі көбейді. Енді өтініш беру кезінде азаматтардың берешегін аудару немесе коллекторлық ұйымдардың қандай да бір шаралар қолдануы бойынша барлық әрекеттер тоқтатылады. Сондай-ақ, төлем қабілеттілігі қалпына келтірілгеннен кейін бес жыл шетелге шығуға тыйым салынды. Қазір бұл шара оңалту жоспары бекітілгенше жүргізіліп жатыр.

“12 ай ішінде төлемеу, өте аз соманың төленбей қалуы, мысалы кейде 100-200 теңге болады. Ақша түсіп отырады және ол қарызды төледі деп есептеледі, сол үшін банкроттыққа арыз бере алмайды. Бұл мәселе қарастырылды. Енді сома айлық есептік көрсеткіштен аз болса, банкрот деп танылуы мүмкін”, – деді қаржы вице-министрі Ержан Біржанов.