Метродағы ұрлық: 5 миллиард теңге жымқырған басшылар сотталды

Алматыда бюджеттің қаражатын жымқырған басшылар сотталды. Алмалы аудандық соты метро құрылысын жүргізу  кезінде 5 миллиард теңгеден астам бюджет қаражатын үптеп кеткен 10 адамға үкім шығарды. Қылмысқа қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді көлік прокуратурасы жүргізген, деп хабарлайды Qazaq.today агенттігі.

«Сот талқылауы барысында айыптау жағы сотталушылардың «Метрополитен» КМК, «Алматыметроқұрылыс» АҚ, «Автоматтандыру және технологиялар қызметі» ЖШС басшылары бола отырып, адамдар тобымен, 2018 жылдың маусымынан 2020 жылдың тамызына дейінгі кезеңде «Сарыарқа» және «Достық» станцияларын салу барысында қаржылық алаяқтықпен, оның ішінде жабдықтың құнын арттырып (іс жүзінде 10 есе), тұрақты түрде ірі көлемдегі ақшаларды жалған фирмалар арқылы шығарғанын дәлелдеді, — деп хабарлады прокуратура.

Сотталғандар мемлекеттік және қаржы ұйымдарында жұмыс істеу құқығынан айырыла отырып, әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды (негізгі фигуранттар 7 жылдан 8 жылға дейін). Сонымен қатар, сот 1 млрд теңгеден астам сомаға тыйым салынған мүлікті тәркілеуді қолданып, мемлекетке келтірілген шығынды өндірді.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.