БҚО-ның Бөрлі ауданында су тасқынынан зардап шеккендер үшін 60 үй салынып жатыр

Батыс Қазақстан облысының Бөрлі ауданында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға арналған 60 үйдің құрылыс жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп жатыр.

Қазіргі уақытта Ақсу ауылында – 23, Пугачевте – 12, Аралталда – 14, Кеңтүбекте 11 үй бой көтеруде. Бұлардың басым бөлігінде құрылыс жұмыстары 60 пайызға аяқталған.

Аудандағы аталмыш тұрғын үйлердің құрылысымен танысқан облыс әкімі Нариман Төреғалиев аудан әкімдігіне, облыстық құрылыс басқармасына және мердігерлерге бірқатар тапсырма берді.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, құрылыс жұмыстарын жоспарға сай бітіруіміз керек. Бөрлі ауданында бірнеше ауылды аралап шықтым. Жұмыс қарқыны жақсы. Кейбір үйлердің құрылысына қосымша тағы да құрылысшыларды тарту қажеттілігін ескерттім», — деді Н.Төреғалиев. 

БҚО
Фото: БҚО әкімдігі

Бөрлі ауданының әкімі Еркебұлан Ихсановтың Kazinform тілшісіне мәлім еткеніндей, Аралтал мен Пугачевта 26 үй жаңа жерлерге салынып жатыр. Ақсу мен Кеңтүбекте 34 баспана жарамсыз деп танылған, іргетасы болмаған үйлердің орнында бой көтеруде. Мұндағы бір ерекшелік, іргетасы нақты жер бетінен 80 сантиметр биікте тұр.

«Ақсу мен Кеңтүбектегі үйлердің құрылысын жергілікті «Ақсайгазсервис» компаниясы, Аралтал мен Пугачевтағы баспаналарды алматылық «QAZAQSTROY» ЖШС қаржыландыруда. Ал тұрғын үй құрылыстарын Бөрлі ауданында тіркелген «Наурыз», «Докастройком», «Уральскстройинвест» ЖШС жүргізуде», — деді Е.Ихсанов. 

БҚО
Фото: БҚО әкімдігі

Аудан басшысы сонымен қатар баспанасы тұруға жарамсыз болып қалған тұрғындар үшін «ҚПО б.в.» компаниясының қаржысына 64 үйдің сатып алынғанын жеткізді.

«Үйлерді тұрғындардың өздері таңдады, бағалады. Аудан әкімдігі, «ҚПО б.в.», сатушы және сатып алушы арасында төртжақты келісімшарт жасалды. Құжаттар әділет органдарында тіркеуден өткізілді», — деді Е.Ихсанов.