Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Берік Асылов жыл сайынғы прокуратура органдарымен кездесуді ұйымдастырды. Жоғары қадағалау органында өткен жиынға мемлекеттің экономикаға қатысуын азайту, бизнес үшін шығындарды төмендету, қылмыстық жазаларды жеңілдету және кәсіпкерлік қызметке араласқаны үшін шенеуніктердің жауапкершілігін қатаңдату мәселелері талқыланды.
Кездесуге ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр, ҚР Президентінің көмекшісі Ержан Жиенбаев, Парламент депутаттары, министрліктер мен ведомстволардың бірінші басшылары, Бизнес-Омбудсмен, «Атамекен» ҰКП Төралқасының Төрағасы, «KAZAKH INVEST» ҰК, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басшылары, жеке бизнес өкілдері және инвесторлар қатысты. Сонымен қатар, облыстар мен аудандардың прокурорлары, облыс әкімдерінің орынбасарлары, кәсіпкерлік басқармаларының бастықтары және «Атамекен» ҰКП өңірлік өкілдері онлайн қосылды.
Берік Асылов жиынды аша отырып, Президенттің «Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы елдің экономикалық әлеуетін кеңейту және инвестициялық ахуалды жақсарту бағытында жаңа және шешуші шаралар қабылданғанын атап өтті. Бизнес үшін артық шектеулерді алып тастау, салық жүктемесін және бюрократиялық кедергілерді азайту тек инвестициялар ағыны мен елдің экономикалық дамуына ықпал ететінін жеткізді.
Кездесудің ерекшелігі бизнесті қорғау және инвестицияларды қолдау саласындағы жаңа функциялар мен құралдардың таныстырылымы болды. Олар Президенттің «Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығымен прокурорларға жүктеліп, заңдарда бекітіледі. Бірінші кезекте, бұл прокурорлардың өтінім беруден бастап жобаны толық іске қосуға дейінгі маңызды инвестициялық жобаларды сүйемелдеуі.
Бүгінгі таңда прокурорлардың бақылауында 32 трлн теңгеден астам сомаға 770-тен астам жоба бар, олар шенеуніктердің заңсыз әрекеттерінен нақты қорғалатын болады. Мысалы, кездесуге қатысқан «Big farm» ЖШС испан инвесторының өкілі Қазақстан нарығынан кету алдында болғанын айтты. Үш жыл бойы ол ауылдық жерлерде 400 жұмыс орнын қамтитын заманауи агроөнеркәсіптік кешен салу үшін жер ала алмаған. Прокурордың қолдауымен ғана қажетті келісімдерге қол жеткізіліп, жоба іске қосылған.
Жиын барысында бизнес үшін басты мәселелердің бірі — «прокурорлық сүзгі» таныстырылды. Бұл сүзгі бір жылдан астам уақыт бойы инвесторларға өз жобаларын кедергісіз жүзеге асыруға мүмкіндік беріп келеді. «Прокурорлық сүзгі» шеңберінде мемлекеттік органдар мен шектеу сипатындағы квазимемлекеттік сектордың барлық шешімдері прокурордың келісімінен кейін ғана қабылданады. Прокурордың келісімінсіз салықтық тексерулер тағайындалмайды. Экономиканы ырықтандыру барысында сүзгі шекаралары кеңейтіліп, прокурордың келісімі әкімшілік жаза қолдану, талап қою және инвесторларға қатысты тексерулер тағайындау кезінде міндетті болады.
Үкімет енгізіп жатқан «Жасыл дәліз» және «Бірыңғай цифрлық инвестициялық платформа» жобалары да инвестициялық климатты жақсарту жөніндегі маңызды құралдар болады. Олар инвесторлардың Қазақстан нарығына кіруінің жеңілдетілген жағдайларын және инвестициялық жобалардың барлық кезеңдерін цифрландыруды қамтамасыз етеді.
Мемлекеттік органдар тарапынан заңсыз әрекеттер болған жағдайда «ақылды» жүйе шаралар қабылдау үшін прокуратураға сигнал береді. Әр өңірде инвесторлар мен бизнес үшін Фронт-офистер ашылып, тәулік бойы call-орталықтар және кәсіпкерлердің құқықтарының бұзылуына жедел ден қоюдың мобильді топтары жұмыс істейді. Фронт-офистердің жұмысына барлық мемлекеттік органдар, Бизнес-Омбудсмен, «Атамекен» ҰКП және «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ қосылған және кәсіпкерлерге көмек «бір терезе» қағидаты бойынша көрсетіледі.
Бас Прокурор Берік Асылов облыстар мен қалалардың прокурорларына бизнес-қауымдастық үшін «Ашық есік күндерін» өткізуді және қысқа мерзімде әрбір проблемалық мәселені шешуді тапсырды. «Президент Бас прокуратураға кәсіпкерлік саласындағы заңдылықты қамтамасыз ету және инвестицияларды қолдау мәселелерінде шешуші рөл жүктеді. Біздің ортақ міндетіміз — әкімшілік кедергілер мен сыбайлас жемқорлықты жоя отырып, елде бизнес жүргізу және инвестициялау процесін барынша тікелей және ашық ету», — деп түйіндеді жоғары қадағалау органының басшысы.
Кездесу қорытындысы бойынша Бас прокуратура, Сыртқы істер министрлігі, «Атамекен» ҰКП және Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл арасындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.