Тоқаев Айдос Садыққа жасалған қастандықты бақылауда ұстауда – Президенттің баспасөз хатшысы

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Киевте орын алған қазақстандық оппозиционер Айдос Садыққа жасалған қастандыққа байланысты тергеу барысын мұқият бақылауда. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлады.

Qazaq.today ақпарат агенттігінің мәліметіне сүйенсек, Президенттің нұсқауы бойынша Қазақстанның құқық қорғау органдары осы қылмыстық істің мән-жайын анықтау үшін жедел шаралар қабылдап жатыр.

Берік Уәлидің айтуынша, «Мемлекет басшысы құқық қорғау органдарына күдіктілердің қазіргі мекенжайын анықтап, тиісті шаралар қабылдауды тапсырды. Қазақстан тарапы Украинаның құқық қорғау құрылымдарымен, оның ішінде Интерпол жүйесі бойынша бірлесе жұмыс істеуге дайын.»

Айта кетейік, журналист Айдос Садық Украинада атысқа ұшыраған болатын. Бұған дейін қазақстандық блогерге ота жасалғаны туралы хабарлаған едік. Кейіннен, Президент Тоқаев бұл оқиғаға қатысты өз пікірін білдірді.