Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысы Отар әскери гарнизонында болған оқиғаға кінәлілерді қатаң жазалауды тапсырды. Бұған дейін әскери бөлімде мерзімді қызметін өтеп жатқан сарбаздың комаға түсуіне қатысты оның анасы әлеуметтік желілерде жариялаған еді. Президент анасының үндеуімен танысты, деп хабарлады Берік Уәли.
«Мемлекет басшысы болған оқиғаның мән-жайын мұқият зерттеп, кінәлі адамдарды жазалауды талап етті. Президент Қорғаныс министріне армияда мұндай жағдайға жол бермеу қажет екенін ескертіп, тергеу амалдарын бақылауға алуды тапсырды», — деп жазды ол.
Бұдан бұрын Жамбыл облысы Қордай ауданы Отар ауылындағы №30212 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген 19 жастағы сарбаз Нұржігіт Әбділпаттаның жансақтау бөлімінде жатқаны мәлім болды. Анасының айтуынша, ұлының кіші сержант ұрған болуы мүмкін. Ал әскерилер сарбазға «ешкім тиіспегенін айтып» ақталып баққан еді.