Шымкенттік емші асырап алған егіз елордаға қайтарылады

Коллаж: Kazinform

Шымкент тұрғыны қамқорлығына алған 6 баланың арасында егіз де бар. Ұл мен қыз 2021 жылдың 26 мамырда елордада дүниеге келген. Емші оларды үш айлық кездерінде бауырына басқан. Қамқорлыққа берілген егіз сәбидің тағдырына қатысты істің мән-жайын Астана қалалық Білім басқармасы айтты, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы kaz.inform.kz-ке сілтеп.

«Бала асырап алуға, қорғаншылыққа немесе патронаттық тәрбиеге алуға ниет білдірген азаматтарды есепке алуды үміткердің тұрғылықты жері бойынша Білім басқармалары жүргізеді. Азамат (шымкенттік емші – ред.) 2021 жылғы 9 сәуірден бастап Шымкент қаласының қорғаншылық және қамқоршылық органдарында бала асырап алуға (қорғаншылыққа) үміткер ретінде есепте тұр. Қорғаншылыққа үміткер болу мүмкіндігі туралы оң қорытынды алғаннан кейін, ол азамат Шымкент қаласы қорғаншылық және қамқоршылық органымен жетім балалардың республикалық деректер банкінде тіркелді. Осыдан кейін деректер банкіндегі балалар туралы ақпаратқа қол жеткізді», — дейді Астана қалалық Білім басқармасы басшысының орынбасары Серік Әділбаев.

Балаларды қорғаншылыққа беру рәсімі ҚР Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 24 сәуірдегі №158 бұйрығымен бекітілген «Жетім балаға (балаларға) және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаға (балаларға) қамқоршылық немесе қорғаншылық белгілеу» мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларына сәйкес жүргізілген. Осылайша, Шымкент тұрғыны қажетті барлық құжатты ұсына отырып, Астана қаласы Білім басқармасының 2021 жылғы 18 тамыздағы №436 бұйрығы негізінде 2021 жылғы 26 мамырда туған егіз сәбиді қамқорына алған.

«Балалар Астанадан есептен шыққаннан кейін, Астана қаласының Білім басқармасы 2021 жылғы 19 тамызда Шымкент қаласына балаларды есепке қойып, одан әрі бақылауды жүзеге асыру мақсатында, ақпараттық хат жолдады», — дейді Серік Әділбаев.