ҚР Оқу-ағарту министрінің тапсырмасы бойынша Петропавл қаласындағы мектепте болған оқиғаға қатысты комиссия құрылып, Қазақстанның барлық мектептерінде қауіпсіздік тексерістері жүреді, деп хабарлады Білім министрлігінің Балалар құқықтарын қорғау Комитетінің баспасөз қызметі.
«Комиссия құрамында балалардың құқықтарын қорғау Комитеті, білім саласында сапаны қамтамасыз ету Департаменті, Солтүстік Қазақстан облысы білім басқармасының өкілдері бар.
Айта кетейік, мектепте қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін орнатылған бейнебақылау камералары мен дабыл түймесі жұмыс істейді. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталуда.
Сонымен қатар, облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың білім басқармаларына еліміздің барлық жалпы білім беретін мектептерінде қауіпсіздікті тексеру жұмысы тапсырылды»,- делінген дүйсенбідегі хабарламада.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін таңертең Петропавл қаласы № 4 орта мектебінің 9 сынып оқушысы сабаққа балта мен пышақ әкеліп, 3 баланы жарақаттаған. Қазір қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде. Алдын ала мәліметтер бойынша оқушы интернет ойынының тапсырмасын орындаған.
Qazaq.today