Қазақстандықтар үшін баспана мәселесі әрқашан өзекті болып қала береді. Жинаған ақшасы жеткілікті болғанша, үй бағасының қымбаттап кетуінен қорқатындар да аз емес. Алайда, қазіргі уақытта елімізде тұрғын үй нарығы біршама тұрақталды. Осы ретте мамандар баспананың халыққа қолжетімді болуын барынша қамтамасыз ету қажеттігін айтады.
Ипотекалық брокер Қанат Тұрмағамбетовтың айтуынша, Қазақстанда ең арзан ипотека 17,5%-дан басталып, 24%-ға дейін барады. Сондықтан пайыз мөлшері өте жоғары болып отыр, бұл әрбір азаматқа үй сатып алуға мүмкіндік бермейді. Ұлттық банк тарапынан несиелерді қолжетімді ету жұмыстары жүргізілуде, бірақ бұл инфляцияның өсуіне алып келуі мүмкін. Сонымен қатар, жаңа мемлекеттік бағдарламалар да бағаның көтерілуіне әсер етеді. Наурызда енгізілген «Отау» және «Наурыз» бағдарламаларының қаржыландыру мерзімі маусым және шілде айларына сәйкес келгендіктен, сол уақытта үй бағасының өсуіне дайын болуымыз керек.
Экономист Бауыржан Ысқақовтың айтуынша, мемлекеттік бағдарлама 10 мың адамды қамтамасыз еткен күннің өзінде, ол қалған үй алуға ниетті азаматтардың мүмкіндігін шектейді. Бағдарлама іске қосылған кезде нарықта ажиотаж пайда болып, үй бағасы қымбаттайды.
Сонымен қатар, баспана бағасының қымбаттауына құрылыс компаниялардың шығындары да әсер етеді. Қазақстан құрылысшылар одағы төрағасының орынбасары Валерии Лакисовтың айтуынша, құрылыс материалдарының бағасы да үйдің әр шаршы метрінің құнына әсер етеді. Мысалы, 2020 жылы кейбір құрылыс материалдарының бағасы 3,4 есе қымбаттаған. Мұның бәрін нарық қалыптастырады, сондықтан оның алдын алу немесе болжау мүмкін емес.
Экономистер үй бағасының жақын арада арзандайтынына сенбейді. Бағаға әсер ететін факторлар өте көп. Экономист Бауыржан Ысқақовтың пікірінше, үйдің бағасы арзандау үшін нарыққа бет бұрып, сұранысты азайту қажет. Халықтың төлем қабілеттілігі төмендеп, сұраныс азайған жағдайда ұсыныс та нарықтық тепе-теңдігін сақтайды.
Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, 2024 жылғы сәуір айында елімізде тұрғын үй сату және сатып алу бойынша 31 248 мәміле жасалған. Оның 7 830-ы жеке үйлер, ал 23 418-і көппәтерлі үй пәтерлерін алу бойынша тіркелген. Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 0,6%-ке аз.
Қазақстанда тұрғын үй нарығының жағдайы мен бағаларының өзгеруі көптеген факторларға байланысты, сондықтан болашақта бағаның қандай болатынын нақты айту қиын. Бірақ мамандар халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға және қолжетімді баспананы қамтамасыз етуге бағытталған шараларды жалғастыруда.