Елімізде енді қауіпті ауруды ерте анықтаған жағдайда дәрігерлер сыйақы алады

2024 жылдан бастап қазақстандық дәрігерлер қауіпті ауруларды ерте анықтаған жағдайда арнайы сыйақы алады. Пациенттен қатерлі ісік пен туберкулез ауруының белгілерін тапса, дәрігерлер 5 АЕК немесе 18 460 теңге үстемеақы алады. Бұл төлем әр тоқсан сайын жалақымен бірге беріледі. Аталмыш жоба жергілікті учаскелік дәрігерлердің жұмысын ынталандыру мақсатында қолға алынып отыр. Бұл туралы Qazaq.today ақпарат агенттігі 31-арнаның «Информбюро» бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Сыйақы жүйесі

18 460 теңге қатерлі ісік пен туберкулез ауруларын ерте анықтаған учаскелік дәрігерлерге төленеді. Төлем балдық және бонустық жүйеде жүзеге асырылады. Әр ауру белгісін анықтаған жағдайда дәрігерлер 5 АЕК бонус алады. Анықталған аурулар саны жүз ұпайға жетсе, әрқайсысына 16 000 теңгеден есептелінеді. Қаражат тоқсан сайын жалақымен бірге беріледі.

«Сыйақы тек аймақтық, медициналық санитариялық алғашқы көмек қызметкерлеріне, соның ішінде аймақтардағы дәрігер, акушерлерге беріледі», – деді денсаулық сақтау министрлігі медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің басқарма басшысы Әсел Қыдырәлиева.

Сондай-ақ, бонус ұлттық қажеттіліктерге арналған динамикалық клиникалық платформада автоматты түрде есептеледі. Сыйақы беру балдық және бонустық жүйеде жүреді. «Ана өлімінің болмауы, жүкті әйелдердің он екі аптаға дейін тіркелуі, бала өлімі сияқты сегіз индикаторды орындамағыны үшін ақша алынатын болса, қазіргі таңда сол ақшаның сомасы тоқсан сайын беріледі», – деді Қыдырәлиева.

Қауіпті аурулардың статистикасы

Елімізде жылына 40 мыңға жуық адам қатерлі ісікке шалдықса, 200-ден астам адам туберкулезбен ауырады. Дәрігерлер мұның себебін халықтың уақытылы медициналық көмекке жүгінбейтінімен байланыстырады.

Жаңа сыйақы жүйесі қауіпті ауруларды ерте кезеңде анықтауға ынталандырады және халықтың денсаулығын жақсартуға бағытталған маңызды қадам болып табылады.